Кәрім Мәсімовтен тәркіленген заттар электронды аукционда сатылып, мемлекеттік бюджетке тағы да 3,5 миллион теңге түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл жолғы сауда 7 қазан күні Қайтарылған активтерді басқару компаниясының (КУВА) ұйымдастыруымен өтті. Бұрынғы ҰҚК төрағасының елордадағы зәулім сарайынан тәркіленген он лоттың жетеуі сатылды.
Саудадағы ең қымбат бұйым сүйекпен көмкерілген семсер. Ол 930 020 теңгеге сатылды. Алғашқы бағасы да дәл осы сомадан басталғанымен, бастапқы сараптамалық құны 1,3 миллион теңгеден жоғары болған.
Сондай-ақ, алтын түсті металл өрнегі бар тағы бір қылыш 837 мың теңгеге, қынабы бар қанжар 185 мың теңгеге сатылды.
Сатып алушылар арасында қымбат қаламсаптарға қызығушылық ерекше болды. 925 сынамалы күмістен жасалған Montegrappa қаламсабы 440 мың теңгеге сатылса, Құраннан алынған жазбалары бар Visconti қаламсабы 402 мың теңгеге өтті.
Коллекциялық монеталардың «Алма отаны», «Бәйтерек» және «Қазақстан картасы» секілді сериялары да жалпы 280 мың теңгеге сатылып кетті.
Ал былғары белбеу мен «Алтын адам», «Қазақстан фаунасы» сияқты басқа да монета топтамалары өтпей қалды.
Бұған дейін КУВА Мәсімовтен тәркіленген басқа да құнды бұйымдарды саудаға шығарып, жалпы сомасы 5,5 миллион теңге табыс тапқан болатын. Ол кезде ең қымбат лот ретінде Елизавета II бейнеленген алтын монета 4,3 миллион теңгеге сатылған еді.
Еске сала кетейік, Кәрім Мәсімовтің Астанадағы аумағы 2,9 мың шаршы метр болатын зәулім сарайынан қару-жарақ коллекциясы, антиквариат бұйымдары, алтын құймалар, қымбат сағаттар, картиналар мен люкс заттар табылған. Үйде бассейн, сауна, диско-бар, караоке мен жеке сахна болғаны белгілі.
Одан бөлек, миллиондаған доллар қолма-қол ақша мен 11 қымбат көлік те тәркіленген. Бұл үй-жай мен жер телімі жалпы құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланған.
Кәрім Мәсімов 2022 жылдың қаңтарында «мемлекетке опасыздық жасады» деген күдікпен ұсталып, 2023 жылы 18 жылға сотталған болатын. Сол жылдың қарашасында оның үстінен ірі көлемде пара алу және ақшаны заңсыз жымқыру дерегі бойынша жаңа іс қозғалды. Сондай-ақ, 2024 жылы күзде Ресейде Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласының інісі Медер Капеновке іздеу жарияланғаны белгілі болды.
Кенгурудың құны 4 миллион: Мәсімов мүлкінен қалған кезекті лот сатылды