Қазақстанның Қаржы министрлігі екінші деңгейлі банктердің корпоративтік табыс салығын (КПН) есептеу тәртібін өзгертетін жаңа ереже дайындады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк бірлесіп әзірлеген құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Толық мәтіні ашық көрсетілмесе де, жаңа ереженің басты мақсаты банктердің табысын нақты анықтап, бизнеске берілетін несиелер көлемін арттыру.
«Біз банктерді кәсіпкерлерге несие беруге ынталандырып, бюджетке корпоративтік табыс салығының түсімін көбейткіміз келеді», – делінген жобаға берілген қысқаша түсініктемеде.
Айта кетейік, жаңа Салық кодексіне сәйкес биыл банктерге арналған КПН мөлшерлемесі 20%-дан 25%-ға дейін өскен.
Алайда кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландырудан түсетін табысқа бұрынғы 20% мөлшерлеме сақталды.
Банк секторының «аса жоғары табысына» қатысты мәселені 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген еді. Ол банк акционерлерінің алып отырған дивидендтері мен бюджетке төленетін салық арасындағы алшақтықты сынға алды.
Жаңа Салық кодексін талқылау барысында кей депутаттар банк секторына салынатын КПН мөлшерлемесін 30%-дан 35%-ға дейін көтеруді ұсынды. Ал «Ауыл» партиясының өкілдері бұл көрсеткішті тіпті 50%-ға дейін өсіру керек деген пікір білдірген.
Дегенмен, мұндай радикалды ұсыныстарды Қаржы министрлігі қолдаған жоқ. Ведомство банктер үшін 25%-дан жоғары мөлшерлеме енгізуге қарсы болды. Ұлттық банк те салық жүктемесін арттыру инвестициялық ахуалға кері әсер ететінін алға тартты.
Жаңа ережеде салықтың ставкасын өзгерту мәселесі емес, оны есептеудің нақты тәртібі ғана қарастырылған.
Сондай-ақ, Қаржы министрлігі бұдан былай банктердің валюталық түсіміне бақылауды күшейтуді көздеп отыр.