Қазақстанда кальянды қоғамдық орындарда қолдануға қойылған қатаң тыйым қайта қаралуы мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елдегі антитемекі белсенділері мұндай шешімге түбегейлі қарсы шығып отыр. Олар жаңа ережелер шиша-барлар мен арнайы бөлмелердің жаппай ашылуына жол ашады деп санайды.
«Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» коалициясының мәлімдеуінше, заңдағы өзгеріс кез келген кафе не ресторанның оңай жолмен кальян клубына айналуына мүмкіндік береді. Ол үшін арнайы мәртебе алынып, 500 АЕК мөлшерінде алым төлеу жеткілікті болмақ.
Депутат не дейді?
Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков қазіргі заңнаманың нақты жұмыс істемей, кальян нарығының көлеңкеге кеткенін айтты. Депутаттың пікірінше, қазіргі тыйым формалды түрде ғана сақталып отыр, ал кальян әлі де қоғамдық орындарда қолданылады. Заңдағы нақты нормалардың болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де туғызуда.
«Жаңа ережелер санитарлық талаптарды, акциздерді, сондай-ақ кальян шегуге болатын арнайы орындарды айқын белгілейді. Бүгінде жағдай белгісіз – заңда бірде «болады», бірде «болмайды». Нәтижесінде айыппұл жеке азаматтарға салынады да, ал кальян мен қоспаларды ұсынатын мекемелер жауапсыз қалады», – дейді Құспеков.
Мәселені мейрамхана саласының өкілдері де көтеруде
Қазақстандағы мейрамхана-қонақ үй кәсіпорындары ұлттық қауымдастығының басшысы Игорь Копайловтың ойынша, кальян нарығына лицензия енгізу қажет. Ол бұл тәсіл бюджет түсімін арттырып, сапасы күмәнді қоспалар мен санитарлық талаптарға сай келмейтін жабдықтардан арылуға мүмкіндік береді дейді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов кальян мен вейп қолдануға қатысты тыйымдарды жұмсарту мәселесінің үкімет, парламент пен министрліктер арасындағы талқылау деңгейінде екенін растады.
Қазіргі таңда бұл бағытта нақты шешім қабылданған жоқ. Бірақ өзгерістердің алдағы уақытта заң жүзінде бекітілуі мүмкін екені анық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







