АҚШ Венесуелаға түн ортасында әскери соққы беріп, елді 2013 жылдан бері басқарып келген президент Николас Мадуроны қолға түсірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы бүгін таңертең Дональд Трамп өзі басқаратын Truth Social әлеуметтік желісінде мәлім етті.
Бұған дейін Уашиңгтон Мадуроны есірткі саудасы мен заңсыз билікті иемденді деп бірнеше ай бойы айыптап келген еді.
«Әмірика Құрама Штаттары Венесуелаға кең ауқымды әскери операцияны сәтті аяқтады. Елдің президенті Николас Мадуро әйелімен бірге тұтқындалып, ел аумағынан тыс жерге әкетілді», – деп жазды Трамп.
Әмірикалық тарап Мадуро билігін «есірткі мемлекеті» деп айыптап, былтырғы президенттік сайлауда нәтижелердің бұрмаланғанын алға тартып отыр. Оппозиция да сайлауда Мадуроның шынайы қолдауға ие болмағанын бірнеше рет мәлімдеген еді.
Ал Николас Мадуро АҚШ Венесуеланың әлемдегі ең ірі мұнай қорына иелік етуді көздеп, өзін биліктен күшпен кетіру үшін қысым жасап жатқанын айтқан.
Трамптың арнайы операциясы
Reuters агенттігіне АҚШ үкіметіндегі дереккөздердің хабарлауынша, Мадуроны арнайы операция барысында элиталық әскери бөлімдер қолға түсірген. Трамп операцияға құқық қорғау органдарының қатысқанын растап, толық ақпаратты Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында өтетін баспасөз мәслихатында хабарлайтынын айтты.
Венесуеланың ресми билігі әзірге Мадуроның тұтқындалғаны немесе босатылғаны туралы ақпарат берген жоқ. Дегенмен, елдің қорғаныс министрі Владимир Падрино халықты қарсылық танытуға шақырды.
«Еркін әрі тәуелсіз Венесуела біздің тарихымызға жат шетелдік әскердің басып кіруіне қарсы тұрады. Олар келген жеріне тек өлім, қайғы мен қирандылар ғана қалдырған. Бүгін біз өз жерімізді қорғау үшін жұдырығымызды түйіп, бірлік арқылы жеңіске жетеміз», – деді Падрино мемлекеттік телеарна арқылы тараған үндеуінде.
Соңғы апталарда АҚШ-тың Венесуелаға қарсы ашық әскери қимылдары Латын Әмірикасы елдерінде алаңдаушылық туғызды. Уашиңтон аймақта мұндай тікелей араласуды соңғы рет 1989 жылы Панамаға басып кіріп, ел басшысы Мануел Нориеганы биліктен тайдырған кезде қолданған еді.
Венесуэла оппозициясының жетекшісі, жуырда ғана Нобель бейбітшілік сыйлығын алған Мария Корина Мачадо әлеуметтік желіде болған жағдайға қатысты ешқандай ресми пікір білдірмейтінін мәлімдеді.
Каракас дүрлігіп тұр
Сенбіге қараған түні Венесуела астанасы Каракас пен бірнеше өңірде жойқын жарылыстар болды. Үкімет елде төтенше жағдай енгізіп, әскерді толық жауынгерлік әзірлікке келтірді. Reuters агенттігінің куәгерлерге сілтеп хабарлауынша, ел астанасының аспанында түнгі екіден бастап бір жарым сағат бойы жарылыстар болып, әскери ұшақтардың ұшқаны байқалған.
Қатты жарылыс мен әуедегі от шарларынан үрейленген тұрғындар түн ішінде көшеге шығып, дүрлікті. Каракас тұрғыны 50 жастағы Кармен Маркес:
«Үйіміздің төбесіне шыққанда аспан жарық жарылыстарға толы болды, ұшақтардың дыбысын анық естідік. Қазір қатты алаңдап отырмыз, биліктен ешбір ақпарат ала алмай отырмыз», – деді.
Жергілікті ақпарат құралдары Каракас маңындағы ірі әскери базаларда электр жарығы өшкенін, Фуэрте-Тиуна мен Ла-Карлота базаларының маңынан жарылыстардың даусы шыққанын хабарлады.
Куба мен Иран не дейді?
Венесуеланың жақтастары Куба мен Иран бұл шабуылды қатаң айыптап, Тегеран оны «ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастықты өрескел бұзу» деп атады және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін араласуға шақырды.
Трамп әкімшілігі бұған дейін Венесуэлаға қарсы мұнай эмбаргосын күшейтіп, санкцияларды арттырған болатын. АҚШ Кариб теңізіне ірі әскери кемелер мен ұшақтарын жіберіп, Венесуэладан келетін кемелерге қарсы екі ондықтан астам операция жасаған. Трамп Венесуэланы АҚШ-қа есірткі жеткізіп, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр деп бірнеше рет айыптады.
Соңғы соққылардың қандай құқықтық негізде жасалғаны белгісіз. Сарапшылар бұған дейін АҚШ-тың Венесуэла мен аймақтағы кемелерге жасаған шабуылдарын халықаралық заң тұрғысынан сынға алған болатын. Қазірдің өзінде мұндай операциялар кезінде 110-нан астам адамның қаза тапқаны белгілі болып отыр.
Айтқандай, тұтқынға түскен қолға түскен Мадуроның суреті әлемді шарлап кетті.

