АҚШ президенті Дональд Трамп атышулы Мадуроны алып қашу кезінде әмірикалық әскерилер қолданған аса құпия қарудың атын абайсызда айтып қойды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дөкең New York Post басылымына берген сұхбатында құпия қаруды «дискомбобулятор» деп атаған.
«Маған негізі бұл туралы айтуға болмайды. Венесуела әскерінің қолында ресейлік және қытайлық рәкеталар болды. Олар бізді күтіп отырды. Бірақ түймені басқанда бірде-бір ракета атылмады. Біз жақындап қалдық, олар қаруын іске қоса алмады», – деп баяндады ол.
«Дискомбобулятор» ағылшын тілінде discombobulate, яғни «есінен тандыру», «бағыт-бағдарды жою» деген мағынаға саяды.
Осыған дейін New York Post аты-жөнін жасырған венесуелалық әскеридің сөзіне сүйеніп, АҚШ сарбаздарының белгісіз қаруды пайдаланғанын хабарлаған еді. Куәгерлердің айтуынша, шабуыл кезінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері істен шығып, аспанды әмірикалық дрондар мен тікұшақтар жаулап алған.
«Кенеттен пайда болған қатты дыбыстық толқыннан басымыз жарылардай ауырды. Мұрыннан қан саулап, кейбір жауынгерлердің аузынан да қан кетті. Барлығымыз жерге құлап, қозғала алмай қалдық», – дейді оқиға куәгері.
Айта кетелік, АҚШ-тың «Абсолютті батылдық» атты әскери операциясы 3 қаңтарға қараған түні Қаракасқа қарсы жасалды. Бар болғаны екі сағатқа созылған операция нәтижесінде ел президенті Николас Мадуро мен жұбайы қолға түсіп, сол күні-ақ Әмірикаға жеткізілген. Қазір Мадуро әйелімен бірге Нью-Йорктегі Бруклин тергеу изоляторында отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

