Әйгілі дизайнер Карл Лагерфельдтің сүйікті мысығы Шупетт оның байлығынан бір тиын да мұрагерлікке алмайтын болды. Модельер қайтыс болғаннан кейін жеті жыл өткенде өсиетнамада нақты кімдер көрсетілгені белгілі болды. Барлық болжамға қарамастан, мұрагерлер тізіміне мысық та, оның жаңа иесі де енбеген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
260 миллион еуро кімге бұйырды?
Лагерфельдтің байлығы шамамен 260 миллион еуроға бағаланады. Ресми мұрагерлер ретінде оның көпжылдық көмекшісі Себастьян Жондо, өкіл ұлы Хадсон Кроэниг, оның әкесі — модель Брэд Кроэниг және кутюрьенің бұрынғы музасы Батист Джабикони аталды.
Лагерфельдтің жалпы дәулеті 260 миллион еуроға бағаланғанымен, сүйікті мысығы Шупетт пен оның қамқоршысы ресми мұрагерлер тізіміне енбеген.
Шупеттің сән-салтанатқа толы өмірі
Көзі тірісінде Лагерфельд Шупеттке деген ерекше бауыр басуы туралы жиі айтатын. Мысық ұзақ жылдар бойы модельермен бірге жеке ұшақта және Rolls-Royce көлігінде саяхаттады. Оған екі жеке қызметші, аспаз және оққағар қызмет көрсетіп, оның туған күні жыл сайын сән-салтанатпен тойланатын.
Заң талабы және мысықтың қазіргі жағдайы
Лагерфельд көз жұмған соң Шупетт Парижде оның бұрынғы үй қызметшісі Франсуаза Касоттың қарауында қалды. Францияның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жануарлар ақшаны немесе мүлікті тікелей мұрагерлікке ала алмайды. Дегенмен сәнгер Шупетттің күтімін алдын ала толық ойластырып кеткен: мысықты қамтамасыз ету үшін қаржылай қолдау қарастырылып, ал Касотқа Париж маңындағы бағы бар жер үй берілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







