Атырау облысының аумағы ұлғайып, өңір шекарасы кеңейтіледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы премьер-министрдің арнайы қаулы жобасында жазылған. Құжатқа сәйкес, Каспий теңізіндегі Қазақстанның аумақтық сулары есебінен жалпы көлемі 3 954 015 гектардан асатын жер телімі Атырау облысының аумағына қосылмақ.
Қаулының түсіндірме жазбасында бұл өзгеріс мемлекеттік бюджеттен қосымша шығынды қажет етпейтіні, сондай-ақ ешқандай әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық қиындықтар тудырмайтыны айтылған. Құжат қоғамдық талқылауға 15 шілдеге дейін ұсынылды.
Айта кетейік, соңғы жылдары Атырау облысының аумағын кеңейту мәселесі бірнеше рет көтеріліп келеді.
Әсіресе Каспий теңізінің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, мұнай-газ саласының жаңа мүмкіндіктерін ашу мақсатында аймақ аумағын ұлғайту маңызды деп саналады. Осыған байланысты, облысқа теңіз акваториясынан қосымша жер қосу – аймақтың мұнай-газ секторын дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

