Kaspi.kz топ-менеджерлері былтыр қанша табыс тапқаны белгілі болды деп хабарлайды Ertenmedia.
Қазақстанның қаржы-технологиялық алыбы Kaspi.kz компаниясы өзінің жоғары басшыларының былтырғы табысын жариялады.
Компанияның басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің қолы қойылған, KASE сайтына шыққан ресми құжатта басқарма мүшелеріне 2024 жылы төленген сыйақылар, жалақылар және басқа да төлемдердің жалпы сомасы 91 миллион 268,4 мың теңгені құрағаны көрсетілген.
Қазір Kaspi.kz компаниясының басқармасы төрт адамнан тұрады: Михаил Ломтадзе, Павел Миронов, Юрий Диденко және Тенгиз Мосидзе.
Егер осы жалпы соманы басқарма мүшелеріне теңдей бөлсек, Kaspi.kz-тің бір топ-менеджері орта есеппен айына 1,9 миллион теңгеден астам табыс тапқан.
Мамандардың пікірінше, бұл көлем Қазақстандағы ірі бизнес үшін аса үлкен жалақы емес, тіпті біршама қарапайым болып көрінеді.
Айта кетейік, Kaspi.kz еліміздегі ең табысты әрі танымал финтех компанияларының бірі. Соған қарамастан, оның басқарушы құрамының табысы көпшілік ойлағандай қомақты болмай шықты.