Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай айдау көлемін қысқарту қаупі жоқ. Бұл туралы брифингте Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеген. Оның сөзінен «Власть» үзінді келтіреді, — деп хабарлайды ErtenMedia Азаттыққа сілтеп.
«Қазіргі уақытта мұнай тиеу көлемін қысқарту бойынша қауіп жоқ. Яғни, бұл станцияның транзиттік режимде өтуіне қатысты техникалық шешімдер қабылданды. Қазақстандық мұнайды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ететін тиісті қоспалардың қосымша көлемі сатып алынды. Қазіргі уақытта қауіп аз» деді министр.
Оның сөзінше, бір топ қазақстандық маман «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына барып, оны тексеру жұмыстарына қатысқан. Бұған қоса, дрон шабуылы бойынша Украинамен кеңестер дипломатиялық арналар арқылы да жүрген.
Оның сөзінше, шығынды қалпына келтіруге қатысты жұмыстар қазіргі уақытта кәсіпорынның өзі және акционерлер есебінен жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) ең ірі мұнай айдау станциясы саналатын Ресей Федерациясындағы «Кропоткинская» ЖЗҚ шабуылға ұшырады. Шабуылдан зардап шеккендер жоқ.
Станция қаншалық зақымға ұшырағанын және қалпына келтіру мерзімдерін бағалау үшін КҚК бас директоры Николай Горбан бастаған басқарушы топ оқиға орнына барды.
Кейінірек «Транснефть» компаниясы мәлімдеме жасап, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) «Кропоткинская» ірі мұнай айдау станциясына жасалған дрон шабуылы салдарынан Қазақстаннан мұнай айдау көлемі шамамен 30 пайызға төмендеуі мүмкін екені айтылды.
Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәселе Украина тарапымен талқыланатынын хабарлады. Десе де Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Каспий құбыр консорциумына (КҚК) шабуыл жасау туралы шешім қабылдағандар жазалануы керек екенін мәлімдеді.