Каспийдің толқыны үстінде ерекше патриоттық көрініс орын алды. Теңізшілер Мемлекеттік Туды пирстен бастап палубаға дейін көтеріп, «Орал» зымыранды-артиллериялық кемесімен жүзіп өтті. Әнұран әуенімен басталған бұл салтанат тек әскери рәсім емес, елдік рухты оттай маздатқан символдық сәтке айналды. 20 метрлік алып Ту Каспий аспанында желбірегенде, теңіз көк байраққа үнсіз құрмет білдіргендей болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Рота командирі капитан Жолды Мағжан осы рәсімнің мәнін жүрегімен жеткізді:
– Каспий толқындарымен қасиетті туды алып өту арқылы біз Отанға, оның жетістіктеріне және бейбіт өмірге деген зор құрмет сезіміне бөлендік, – деді ол. Бұл сөз жүректен шыққан отаншыл ниеттің анық дәлелі. Себебі теңізде қызмет ететін сарбаз ұланғайыр судың ортасында Отанының шекарасын қорғап тұрады. Олар үшін Ту жағында қалған халықтың аманаты.
Жиналған жұрт теңізшілерді қолдап, қошемет көрсетті. Ту палубада бекітілген сәтте адамдардың жүрегі елжірегеніне куә болдық.
Каспий теңізі стратегиялық аймақ. Онда жүрген әрбір әскери кеме елдің қауіпсіздігі мен шекарасының күзетінде тұр. Сондықтан бұл акцияның түбінде үлкен рухани мән жатыр.
Мұндай әрекеттер әскери салт қана емес, жас буын үшін де үлгі боларлық тәрбие. Ту жәй ғана биікке көтерілген жоқ – ол Каспийдің самалына елдің үмітін арқалап шықты. Желбіреген көк байрағымыз олардың бағытын ғана емес, елдің бағыт-бағдарын да айқындап тұрғандай…

