Бүгінде Каспий теңізінің түбінде Қазақстаннан Әзірбайжанға дейін оптикалық кабель төсеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл турасында «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин Фейсбук парақшасында жазды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақтау мен Сумгаит арасын жалғайтын бұл жоба еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы ең ауқымды қадамдардың бірі. Өйткені бүгінгі дәуірде ақпарат – мемлекеттің стратегиялық байлығы, ал оның қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тең. Өз кезегінде «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин жеке парақшасында жобаның маңызына тоқталды.
– Арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған кемелер теңіздің тереңдігін өлшеп, топырақтың жағдайын, кабель төсеуге кедергі болатын тастар мен бөгеттерді зерттеп жүр. Бірақ кеме өте алмайтын жерлерде адам факторына жүгінуге тура келеді – мұнда дайверлер ROV роботының көмегімен теңіз түбін барлап, әрбір метрді жіті тексеруде, – деді Бағдат Мусин.
Қазір Қазақстандағы ақпарат ағынының басым бөлігі Ресей арқылы өтеді. Ал Каспийдің түбіндегі кабель көрші елге тәуелділіктен құтылып, өз деректеріміздің қауіпсіздігін өз қолымызға алудың нақты мүмкіндігі.
Қазақстан осы уақытқа дейін «ақпараттық транзит» мәселесінде көрші елдерге мойынұсынуға мәжбүр болды. Әрбір дерек ағыны экономикамыздың да, қауіпсіздігіміздің де, тіпті саяси тәуелсіздігіміздің де тетігі.
Ақпараттық соғыстардың күшейген заманында интернет тек байланыс құралы емес, елдің стратегиялық қоры саналады. Бір ғана спутниктік жүйенің өшуі немесе интернет ағынының бұғатталуы мемлекеттің ақпараттық кеңістігін бір сәтте соққыға ұшыратуы мүмкін. Ал Қазақстан үшін Каспий арқылы өтетін оптикалық кабель – осындай қауіп-қатерлерге қарсы қорған болатын маңызды жоба.
Қазірдің өзінде аквалангистер теңіз жағалауындағы аймақтарды толық зерттеп, кабель төсеуге болатын жерлерді белгілеуде. Алдағы уақытта негізгі желілер төселіп, Қазақстанды Әзірбайжанмен жалғайтын тікелей арна пайда болады. Бұл арна тек интернет жылдамдығын арттыруға емес, еліміздің цифрлық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, теңіз түбіне төселген кабель – еліміздің «цифрлық қорғаны». Ол ертеңгі күні интернеттің сапасын арттырып қана қоймайды, Қазақстанды ақпараттық әлемде тәуелсіз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан мұны жай ғана техникалық жаңалық емес, ұлттық қауіпсіздіктің тірегіне айналатын жоба деп атауыымзға болады.