Әзербайжан Каспий теңізінің деңгейі жыл өткен сайын құлдырап бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Теңіз суының азаюы мұнай тасымалы мен порт жұмыстарына айтарлықтай қиындық тудырып отыр. Бұған қоса бекіре мен итбалықтың тіршілігіне үлкен қауіп төніп тұр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әзербайжан экология вице-министрі Рауф Гаджиев Reuters агенттігіне берген сұхбатында соңғы уақытта теңіз деңгейінің төмендеуі тіпті жылдамдай түскенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, кейінгі бес жылдың өзінде ғана теңіз деңгейі шамамен 1 метрге жуық төмендеген. Ал соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 1,5 метр, 30 жылда 2,5 метрге дейін жеткен.
«Жыл сайын Каспий теңізі орташа есеппен 20–30 сантиметрге тартылып барады. Теңіздің жағалаудан алыстауы табиғи экожүйені бұзып, экономикалық жағдайды қиындатып, тұрақты дамуға кедергі келтіруде», – деді Гаджиев.
Сәуір айында осы мәселеге байланысты Әзербайжан мен Ресей арасында бірлескен жұмыс тобы құрылып, алғашқы жиынын өткізген. Қыркүйекте онлайн форматта арнайы бағдарлама бекітілмек.
Әзербайжан тарапы Ресейдің Волга өзеніне бөгеттер салуын теңіз деңгейінің төмендеуіне әсер етіп отырған негізгі фактордың бірі деп есептейді. Себебі Волга өзені Каспийге құятын судың 80 пайызын қамтамасыз етеді.
Гаджиевтің айтуынша, Каспий жағалауында 15 миллион адам тұрса, соның 4 миллионы Әзербайжанға тиесілі. Теңіз деңгейінің құлдырауы әсіресе Баку портында кеме қатынасын қиындатқан.
Қазірдің өзінде ірі кемелердің портқа кіріп-шығуы күрделеніп, бұл логистикалық шығындардың артуына әкеліп отыр.
Теңіз суының азаюынан Әзербайжанның ең ірі мұнай терминалы Дюбенді порты арқылы тасымалданатын мұнай көлемі де төмендеген.
Терминал басшысы Эльдар Салаховтың айтуынша, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл мұнай тасымалы айтарлықтай азайған. Порт қызметін үздіксіз қамтамасыз ету үшін қазір теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Былтыр порт аумағында 250 мың текше метрден астам құм-қайраң тазартылған. Биыл порттың жұмысын жақсарту мақсатында «Инженер Солтан Кязымов» атты жаңа кеме іске қосылады. Бұл кеме порт түбін 18 метрге дейін тереңдетуге қауқарлы.
Экология вице-министрі Рауф Гаджиев теңіз суының тартылуы экожүйеге, әсіресе, бекіре мен итбалықтың тіршілігіне орны толмас зиян келтіруде дейді. Қазірдің өзінде бекірелердің дәстүрлі уылдырық шашу аймақтарының шамамен 45 пайызы жойылып, тұқым көбейту үшін өзендерге барар жолдары үзіліп қалған. Ал итбалықтардың солтүстіктегі мұз алаңдарында көбейетін жерлері азайып, олардың тіршілік ортасына тікелей қауіп төніп тұр.
«Теңіз деңгейі тағы 5 метр төмендесе, итбалықтың көбею орындарының 81 пайызы жойылады. Ал 10 метрге дейін төмендесе, олардың тұқымы мүлдем құрып кетуі мүмкін», – деп ескертті Гаджиев.
Әзербайжан тарапы Каспийдің құлдырауын тоқтату үшін жедел әрекет ету қажеттігін айтады.