KazTAG редакциясы қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жеке компания өкілінің жазбаша өтініші негізінде басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өтініште редакция бірнеше рет көрінеу жалған ақпарат таратты, соның салдарынан компанияның іскерлік мүддесіне және беделіне елеулі зиян келді деген уәж айтылған.
Құқық қорғау органы бас редактордың «тергеу басталғаны туралы кеш хабарланды» деген сөзін шындыққа сай келмейді деп отыр.
Олардың түсіндіруінше, адамдар тергеу әрекеттеріне процессуалдық қажеттілік туған кезде ғана шақырылады.
Алғашқы кезеңде тергеу жұмыстары арызданушы тараптың қатысуымен жүргізілген, бастапқы материалдар жиналған, тиісті сараптамалар тағайындалып, өткізілген.
Процессуалдық және сараптамалық деректер алынғаннан кейін ғана тергеу құқықтық баға берілетін тұлғаларды сұрау кезеңіне өткен.
Сонымен қатар бас редактор айтып жүрген заңсыз ықпал ету, оның ішінде азаптау туралы уәждер объективті деректермен расталмайды делінген. Полицияға шақыру немесе түсініктеме беру заңсыз әдіс ретінде қарастырылмайды деген нақты позиция бар.
Ресми мәлімдемеде барлық әрекет ҚР Қылмыстық-процестік кодексі талаптарына сай атқарылып жатқаны, процессуалдық шешімдер қадағалаушы прокурормен келісілетіні көрсетілген.
Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелетіні, қажет жағдайда қылмыстық жауаптылыққа дейін баратыны ескертілген. Тергеудің өзге деректері ҚПК-нің 201-бабы талабына сай жарияланбайды.

