Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына барып, жұмысшы топпен бірге арнайы кеңес өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасына жақын аумақтардағы қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстау, екі ел арасындағы өзара сенімге сызат түсіретін жағдайлардың алдын алу мәселелері сөз болды.
Шекарадағы тыныштық тек шекарашының жұмысына ғана тірелмейді, кеден бекеттеріндегі тәртіп, кезек, тазалық, қызмет сапасы да сырт көзге елдің басқару деңгейін көрсетеді. Сондықтан кеңесте ашықтық пен тиімді басқару қағидалары нақты міндетке айналды.
Үкіметтік селекторлық жиында көтерілген тағы бір түйін де назардан тыс қалған жоқ. Кеден бекеттерінің маңындағы жеке автотұрақтарда кездесетін келеңсіз көріністер, жүргізушілерге қысым жасауға ұқсайтын әрекеттер, делдалдардың араласуы сияқты мәселелер қайта қаралды.
Ашықтық ұғым сөз күйінде қалмауы керек
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті құрылымындағы 8 кеден бекеті мен 2 бақылап-өткізу пунктінің жұмысын жүйелеу жөнінде ұсыныстар айтылды. Мақсат біреу: азаматтың да, тасымалдаушының да уақыты жоғалмасын, өткізу рәсімі түсінікті әрі бақылауға ашық болсын.
Жиын қорытындысында жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Бірінші кезекте бекеттер аумағында тәртіпті күшейту, санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды. Заңсыз ақша алып, «жол ашып беремін» дейтін делдалдық әрекеттерге жол бермеу бойынша алдын алу шаралары қолға алынады.
Көлік кезегін реттеу үшін ақысыз электронды жүйе енгізу және соның көмегімен өткізу уақытын қысқарту қатаң қадағаланады. Ашықтық деген ұғым қағаздағы сөз күйінде қалмай, күнделікті процесте көрінуі керек деген талап қойылды.

Іссапар барысында Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданындағы Қазығұрт және Қабланбек кеден бекеттерін, Келес ауданындағы Бауыржан Қонысбаев бекетін, Мақтаарал ауданындағы Атамекен бекетін аралап, жұмыс барысын көрді.
Құзырлы органдармен бірге инфрақұрылымды жаңғырту, сервисті жақсарту, тұрғындар мен жүк көліктерінің кедергісіз өтуіне жағдай жасау мәселелері талқыланды. Бекет маңындағы құқықтық тәртіпті күшейтуге басымдық беріліп, құқық қорғау органдарына заңсыз әрекеттермен күресті нақты нәтижемен жүргізу міндеті қойылды.
Жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін азайту үшін автотұрақ инфрақұрылымын дамыту, көлік ағымын дұрыс бағыттау, қозғалысты реттейтін қосымша шешімдер енгізу қажеттігі де айтылды. Осындай жобалар кезең-кезеңімен іске асады. Негізгі ұстаным өзгермейді: кеден инфрақұрылымын жетілдіру, қызмет сапасын көтеру, логистиканы оңтайландыру жұмыстары ашықтыққа сүйеніп, тиімді басқарудың нақты өлшемдерімен жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

