Елімізде жүзеге асып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы білім беру жүйесіндегі ең ауқымды бастамалардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба мектеп инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, елдегі білім сапасын теңестіруге бағытталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаның басты мақсаты – ауыл мен қала арасындағы білім беру алшақтығын қысқарту, апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешу, оқушыларға заманауи әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Осы арқылы Қазақстанның кез келген өңіріндегі бала бірдей жағдайдағы мектепте білім алуға мүмкіндік алады.
2025 жылдың соңына дейін ел бойынша 217 жаңа мектеп салу жоспарланған. Бұл шамамен 460 мың оқушыға қосымша орын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда олардың 176-сы пайдалануға беріліп, қалған 41 нысан жыл соңына дейін іске қосылмақ.
Жаңа мектептер тек оқу кабинеттерімен шектелмейді. Мұнда зертханалар, шығармашылық аймақтар, спорт және өнер залдары, жеке оқу кеңістіктері қарастырылған. Барлығы оқушының жан-жақты дамуына және мұғалімнің тиімді жұмыс істеуіне бағытталған.
Жобаны Оқу-ағарту министрлігі үйлестіреді. Құрылыс жұмыстары Индустрия министрлігі мен «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының бақылауында. Сонымен қатар бұл бастамаға жиырмадан астам мемлекеттік және жергілікті орган тартылған. Мұндай көлемдегі үйлесімді жұмыс елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отыр.
Әр өңірдің климаттық ерекшелігі ескеріліп, мектептер сол аймаққа бейімделген. Оңтүстікте энергияны тиімді пайдалануға арналған жүйелер орнатылса, солтүстікте жылу сақтау технологиялары енгізілген.
Қауіпсіздік пен қолайлылыққа да ерекше мән берілген. Барлық мектептерде бейнебақылау, кіруді бақылау жүйесі және цифрлық басқару құралдары орнатылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылған.
Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін арнайы сыныптар мен кең бөлмелер, жеке санитарлық тораптар жасалған. Бұл инклюзивті білім берудің нақты іске асып жатқанын көрсетеді.
Президент атап өткендей, негізгі мақсат – бірыңғай білім кеңістігін қалыптастыру. Бұған дейін қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылық айқын байқалса, қазір бұл алшақтық азайып келеді. Жаңа мектептердің 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде салынуы осының дәлелі.
Бұл өз кезегінде ауылдағы өмір сапасын арттырып, мұғалімдердің өңірлерге баруына ынталандыруда. Сонымен қатар жобада отандық өндірушілер белсенді қатысып отыр. Мектеп жиһаздары мен оқу құралдарының басым бөлігі Қазақстанда өндірілген.
«Келешек мектебі» – жай ғана құрылыс жобасы емес. Бұл – елдің болашағына салынған инвестиция. Әрбір жаңа мектеп – мыңдаған баланың білім алуына, дамуына және арманына жол ашатын орта.
Осы бастама арқылы Қазақстандағы білім беру жүйесі жаңа деңгейге көтеріліп, әр балаға тең мүмкіндік беру қағидаты нақты іске асып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







