Алматы қаласының Алғабас шағын ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі жаңа мектеп салынатын болды. Мектептердің бірі – 2000, екіншісі – 1200 орындық, яғни екі нысанға 5 миллиард теңге бөлінген.
Жергілікті әкімдіктің қолдауымен «Almaty Finance» пен «NP Almaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бірлесіп, еліміздегі мектеп тапшылығын жоюға өз үлесін қоспақшы Несие пайыздық мөлшерлемесі – 10%, мерзімі – 1 жыл.
Жаңа мектептер бірыңғай сәулеттік және білім беру стандарты бойынша салынбақ. Яғни, заман талабына сай, жылы әрі жайлы, қауіпсіздік шарасы да қатаң. Ғимараттарда бейнебақылау, дабыл жүйесі, қауіп болған жағдайда автоматты түрде есіктерді жабатын технологиялар қойылады деп уәде беріліп отыр. Ішінен қарап шықсаңыз – STEM-зертхана, робототехника, физика-биология кабинеттері, интеллектум, компьютер сыныптары, медиатека, коворкинг, шеберхана, акт залы, спорт және ойын алаңдары… Әлгі әлемнің ең озық мектептерінде кездесетін құрал-жабдықтардың бәрі бар.
Жобада балалар жас ерекшелігіне қарай бастауыш, негізгі және орта блоктарға бөлінеді. Әр блокта – өз асханасы, спорт залы. Білім басқарманың төрағасы Берік Құсайынов бұл мектептер 270-тен астам адамға тұрақты жұмыс береді деп отыр. Бір сөзбен айтқанда, Алатау ауданында болашақта мектепке орын жетпейді деген сөз енді айтылмайды деген үміт бар.
Алматыдағы мектеп тапшылығы – кез келген ата-ана үшін өзекті мәселе. Мектептерде орын жетпесе, баланың біліміне де, болашағына да тікелей әсер ететіні жасырын емес. Жаңа мектептер баланың дамуына, сапалы білім алуына, заман талабына сай білім ортасына жол ашады. Бұл – бүкіл қоғам үшін аса маңызды.
Қазір әкімдік те, мердігер компания да барлық қауіпсіздік, инклюзивтілік, сапа талаптарын орындаймыз деп сөз беріп отыр. Тек сол сөз іс жүзінде де көрініс тапса болғаны. Мектеп 2026 жылы қаңтарда ашылады деп жоспарлануда.