Түркістан облысының Келес ауданында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен аса маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатыр. Әңгіме – ауыз суға зәру ауылдарды таза әрі тұрақты сумен қамтамасыз ету жайында. Соңғы жылдары халық арасында жиі айтылатын мәселелердің бірі – ауылдардағы ауыз су тапшылығы. Енді соған нақты шешім табылып, елді мекендердің тұрғындары көптен күткен игілікке қол жеткізгелі отыр. Қайтарылған қаражаттың ел игілігіне жұмсалуы – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын айқын қадам. Бұл жобалардың аясында 13 елді мекен таза ауыз суға қосылады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келес ауданына қарасты Жүзімдік, Ақсу, Қаратөбе, Жаңадәуір, Жуантөбе, Көгерту, Ақжар, Ғ.Мұратбаев, Есікқорған, Құйған, Қияжол, Кеңдала және Қосөткел ауылдарының халқы үшін су – тек тұрмыс жағдайын жақсарту емес, өмір сапасын түбегейлі өзгертетін фактор. Қазірдің өзінде екі нысанның құрылысы 90 пайызға жетіп, тексеру кезеңінде тұр. Қалған он нысан бойынша жұмыстар 70-80 пайыз аралығында орындалған. Бұл дегеніміз – жуырда ауылдардың крандарынан таза әрі сапалы су ағатынын білдіреді.
Әрине, кез келген құрылыс сапамен өлшенеді. Осыны ескерген аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев құрылыс алаңдарын аралап, мердігерлерге уақыт пен сапа мәселесін қатаң тапсырды. Әлеуметтік нысандардағы кемшіліктер бірден ретке келтіріліп, тұрғын үйлерге су тарту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Себебі, бұл – жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, халықтың денсаулығы мен тұрмысын жақсартуға арналған әлеуметтік саясаттың бір бөлігі.
Жалпы алғанда, Келестегі бұл бастама мемлекетке қайтарылған активтердің ел игілігіне дұрыс жұмсалып жатқанын дәлелдейді. Бұған дейін мұндай қаражаттың қайтарылуы көбіне қоғамдық пікірде күмән тудырып келсе, енді оның нақты нәтижесін халық өз көзімен көріп отыр. Әлеуметтік нысандардың құрылысы толық аяқталған соң, мыңдаған тұрғын күнделікті таза ауыз суға қол жеткізеді. Бұл – ауылдық жердің дамуына серпін беретін, адамдардың тұрмыс сапасын арттыратын шешуші қадам.