Мәжіліс депутаттары ЛҒБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын қайта мақұлдады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Құжат енді Сенаттың қарауына жіберіледі. Бұған дейін қоғамда қызу талқыланып келген бұл норма мұрағат ісі бойынша заңға енгізілген еді. Депутаттардың сөзінше, заң жобасының басты мақсаты жас ұрпақты зиянды ақпараттан қорғап, олардың санасында ЛҒБТ-ны жағымды етіп көрсетуге тосқауыл қою.
Заң жобасының авторларының бірі, мәжілісмен Еділ Жаңбыршин бүгін парламент мінберінен ЛҒБТ мәселесін талқылау бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын айтып, бұл идеологияның қоғамға жат екенін мәлімдеді.
«Бұл топ біздің қасиетті шаңырағымызда тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорда гомосексуализм бар деп тұтас халыққа жала жапты. Олар мектептерге барып, ашық әрі заңсыз насихат жүргізді. Әлеуметтік желілер арқылы жеке өмірлері мен жыныстық қарым-қатынастарын ашық көрсетіп, жастарды азғындыққа итермелеп жатыр. Мұндай жағдайларға үнсіз қалуға болмайды», – деді депутат.
Жаңбыршиннің айтуынша, заң жобасына қарсы шыққан ұйымдар мен жекелеген белсенділер депутаттарға ақпараттық шабуыл жасаған.
«Маған және әріптестерім Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров, Елнұр Бейсенбаев пен Самат Мұсабаевқа ақпараттық шабуылдар ұйымдастырылды. Бізді келемеждеді, жеке басымызға тиісіп, арнайы контент әзірлеп, таратты. Бұл заң шығарушы органның өкілдеріне қысым жасау, адам құқығын таптау», – деді ол.
Мәжілісмен заң жобасының негізгі мақсаты дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау және жас ұрпақтың санасын деструктивті идеологиялардан сақтау екенін алға тартты.
«Қоғамның ЛҒБТ-ға қарсы ұстанымы өте айқын. Өткен жылы белсенді азаматтар мемлекеттік E-petition.kz платформасында петиция жариялап, 50 мыңнан аса қол жинады. Арнайы зерттеу нәтижелері де ЛҒБТ насихатының балалардың психикасы мен дүниетанымына кері әсер ететінін растады», – деді Жаңбыршин.
Сондай-ақ ол БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы мен Женева декларациясына сәйкес, әрбір мемлекеттің дәстүрлі отбасы институтын қорғауға толық құқығы бар екенін еске салды.
«Женева декларациясын АҚШ-тың өзі қабылдады. Президент Трамп арнайы жарлықпен біржынысты некеге шектеу қойып, Америкада тек ер мен әйел жынысы бар екенін заңды түрде бекітті. Халықаралық ұйымдар бұл шешімді сотқа бергенімен, АҚШ Жоғарғы соты олардың шағымын қабылдамады. Демек, біздің бастамамыз ешқандай халықаралық нормаларды бұзып отырған жоқ. Бұл заң ұлттық қауіпсіздігіміз бен дәстүрлі отбасы құндылықтарын қорғауға арналған», – деді депутат.
Депутат Никита Шаталов та Жаңбыршиннің сөзін қолдап, ЛГБТ насихатына тыйым салу қазақстандық қоғамның талабы екенін айтты.
«Ондаған мың адам ресми петиция арқылы өз наразылығын білдірді. Кейбір ұйымдар бізге халықаралық міндеттемелерді бұздыңдар деп қысым көрсетуде. Алайда олардың өздері де халықаралық тәжірибені бұзып отыр. Мұны қабылдау мүмкін емес», – деді Шаталов.
Ал құқық қорғаушы ұйымдар болса бұл заңның адам құқықтарын шектейтінін, қоғамда төзімсіздік пен жеккөрушілікке жол ашатынын алға тартуда. Дегенмен, депутаттар заң жобасын толықтай мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

