Атышулы Перизат Қайрат министрдің уәзірі қызметіне тағайындалу үшін диплом мәселесін «замутить» етуге талпынған. Бұл жайт бүгін сотта белгілі болды деп жазады Ertenmedia.
Әңгіме Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі туралы. Ол кезде ведомствоны әзір сенатор болып отырған Дархан Қыдырәлі басқарған еді.
Хикая 2023 жылы басталған. Перизат Кайрат досы Толғанай Боранқұлмен сөйлесіп отырып, Қазақстан дипломын «таныс-тамыр арқылы жасап алу» мүмкіндігін сұраған.
Боранқұлдың айтуынша, Перизат ол кезде министр көмекшісі болып жұмысқа тұруды көздеп, соған диплом қажет екенін меңзеген көрінеді.
Сот барысында Перизат дипломды қолдан жасау емес, шетелдік оқу орнында алған құжатын Қазақстанда заңдастырмақ болғанын айтып ақталды.
Толғанай Боранқұл құрбысының сөзін қостап: «Мен де шетелде оқыдым. Қазақстанда шетелдік дипломды заңдастыру қажет екенін жақсы білемін. Өзім де сол процестен өткенмін. Перизат сол процедураны сұраған. Өкінішке қарай, бұл әңгіме жазбаша диалогта жоқ», – деді.
Мәселенің анық-қанығын зерттеген журналист Гүлбану Әбенова 2023 жылы-ақ бұл істің түбі шикі екенін сезіп қойыпты.
Сол тұста министрлік Перизат Кайраттың «кеңесші боп істемейтінін» мәлімдеген болатын. Қызығы, тергеу кезінде министр кеңесшісі қызметіне тағайындау туралы нақты құжаттың бар екені анықталған.
Перизат Кайрат 2023 жылғы 17 мамырдағы №59-ж бұйрықпен кеңесшісі ретінде тіркелген. Дегенмен кейін (іс насырға шаба бастағанда) бұйрық едел-жедел күшін жойған.
Әбенова осы мәселені көтерген уақытта Перизаттың министр кеңесшісі болып жұмыс істегеніне 3 айдан асып кеткен екен.
«Кеңесші қызметінде ресми түрде 9 сыныптық білімі бар адам отырған. Перизаттың шетелдік дипломы? Мұны анықтау үшін Британиядағы университетті бітірген біреумен тілдестім. Айтуынша, оқу орнының бағдарламасы тым күрделі екен. Әлгіні естігенде Перизаттың мұндай күрделі саланы еңсере аларына күмәнім күшейе түсті.
Мәселенің нүктесін қою үшін Ұлыбританиядағы әріптесім арқылы университет әкімшілігіне сұрау салдық. Белгілі болғандай, университет түлектері қатарында Перизат Кайрат жоқ болып шықты. Демек, британдық диплом туралы әңгіме тап-таза өтірік», — дейді осы тұста әріптесіміз.
Бұған дейін сотта Перизат Кайраттың орта білімді де толық тауыспағаны айтылған еді. Осы мәселеге қатысты сот процесі жалғасып жатыр.