Ұлытаудағы шахта апатында қаза тапқан кенші Бақытбек Жұмаділлаевті жақындары бүгін Түркістанда жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Марқұмның жаназасына Түркістан облысының әкімі мен «Жомарт» кенішінің өкілдері де қатысты. 49 жастағы кеншінің артында әйелі мен төрт баласы қалды. Балаларының ең үлкені 11-де, ең кенжесі небәрі төрт жаста. Жұбайы Сандуғаш Нұржанова әлі күнге дейін суық хабардың шындық екеніне сенер емес.
«Сол күні таңертең ауысымға түскен болатын. Қайғылы жағдай сағат бес шамасында болыпты. Бізге хабар 10:30-да келді. Тағы бес жыл істеп, зейнетке шығамын деп армандаушы еді. Балаларын ерекше жақсы көретін, бар тапқанын солардың аузынан жырып беретін», – дейді марқұмның әйелі.
Жұмаділлаев жиырма жыл бойы Түркістаннан Ұлытау мен Қарағандыға қатынап жұмыс істеген. Марқұмның жақындары оның өте адал, бейнетқор болғанын, ешкіммен қақ-соғы жоқ екенін айтып, көз жастарын тыя алмады.
Жұмысына соңғы рет небәрі төрт күн бұрын барған кеншінің үй-іші осындай қайғыға душар боламыз деп ойламаған еді.
«Жұмыс беруші жауапсыздық танытты деп ойлаймын. Кірер кезде құжатқа қол қойып, басшылары жарамды деп шахтаға жіберген. Ауа айналымы дұрыс болғанда, газ атылмайтын еді ғой. Жиырма жылын шахтаға арнады, бейнеттен көз ашпады. Шахтерлерге көп ақша төлейді деген сөздің бәрі өтірік. Бала-шағасының қамы үшін неге үй салып алмады деп ойлайсыздар? Себебі табысы күнкөрістен аспайтын», – дейді кеншінің туысы Қарлығаш Сәрсенбаева.
Балалар әкесін сағына күтіп жүр
Әкесінің жұмыс сапарынан оралуын күтіп жүрген балалары оның қаза тапқанын әлі білмейді. Қазір марқұмның отбасы Түркістандағы шағын үйде тұрады.
Еске салайық, 2025 жылы 17 ақпан күні Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде тау жынысы опырылып, жеті шахтер үйінді астында қалған еді. Кабельдер үзіліп, олармен байланыс үзілген болатын. Кейіннен барлық жеті кеншінің де қаза тапқаны анықталды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, зардап шеккендердің отбасыларына жәрдем беру мақсатында арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.
Айта кетелік шахтадағы трагедияға байланысты президент Тоқаев шұғыл тапсырма берген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

