Жетісу облысының Кербұлақ ауданында ұзындығы 105 шақырымды болатын ирригациялық арналарды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жаңадан 7 мың гектар суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге және картоп өсіру ісін қайта жандандыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы аудан халқымен кездесу барысында белгілі болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Ұзақ уақыттан бері қараусыз қалған суару жүйелерін жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Аталған жобаны 2026-2028 жылдар аралығында үш кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 105 шақырым болатын суару арнасы қайта жаңғыртылып, Қоғалы, Алтынемел, Шұбар, Жайнақ батыр, Шанханай және Басши ауылдық округтерінде 7 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға қосылады. Бұл Кербұлақ ауданында картоп шаруашылығын жандандырып, ауыл шаруашылығының жалпы өнімділігін арттыруға ықпал етеді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев халықпен кездесу кезінде.
Атап өтсек, өткен жылы ауданда мемлекет меншігіне пайдаланылмай жатқан 11 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылса, биыл 13 мың гектар жер мемлекет қорына қайтарылды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында 3 конкурс ұйымдастырылып, 4 мың гектар жер табысталды. Қыркүйек айында қосымша 4 мың гектар жайылымдық жерге тағы бір конкурс ұйымдастырылады.
Сонымен қатар ауданда кәсіпкерлік мақсатында жер учаскелерін беру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы 3 аукцион өткізіліп, құрылыс үшін 2,4 гектар коммерциялық жер берілді, соның ішінде 2 жылыжай салу жобасы да бар.
Атап өтсек, Кербұлақ ауданында өткен 7 айда 14 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Аудандағы егіс алқаптарының көлемі
114 мың гектар. Бүгінгі күнге егін жинау науқаны жүруде. 95 мың гектар масақты дәнді дақылдардың 54 мың гектары орылып, 71 мың тонна астық бастырылды, әрі гектардың орташа өнімділігі 13 центнерді құрап отыр.