Нью-Йоркке сапары аясында президент Тоқаев Украина басшысы Владимир Зеленскиймен маңызды келіссөз жүргізді деп хабарлайды Ertenmedia.
Forbes Kazakhstan-ға пікір білдірген Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко келіссөздің мән-жайын жіліктеп жеткізген екен.
Оның сөзіне қарағанда, Тоқаев пен Зеленскийдің ресми түрде бетпе-бет жүздеспегеніне алты жыл болған. Бірақ бір ай бұрын телефон арқылы сөйлескен екі ел басшысы осы жолғы кездесудің жоспарын алдын ала пысықтап қойған.
«Кездесу кездейсоқ өткен жоқ. Ол алдын ала келісілген әрі ресми бағдарламаға енген маңызды басқосу болды. Екі тарап та кездесуді бірінші кезекке қойды», – деп атап өтіпті елші.
Келіссөздің басты тақырыбы Украинадағы соғыс және оны аяқтаудың жолын талқылауға арналған. Майконың айтуынша, Зеленский Қазақстанның соғыс басталған күннен бастап Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдағанына ерекше алғыс білдірген.
«Біздің елдердің ұстанымы халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына негізделген, бұл мәселеде екі тараптың позициясы толық сәйкес келеді», – дейді Украина елшісі.
Зеленский Киевтің бейбіт келіссөзге дайын екенін, алайда қазіргі таңда Кремльдің осы келіссөздің өтуіне мүмкіндік бермейтін шарт қойып отырғанын жеткізген. Тоқаев өз кезегінде қақтығысты тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін баса айтыпты.
«Украина қол жеткізгісі келетін бейбітшілік әділ, ұзақмерзімді болуы керек, әрі барлық тараптың мүддесін қамтуға тиіс. Біз Қазақстан басшысын осы бейбіт бастамаларды қолдауға шақырдық», – дейді Майко.
Екінші бір маңызды мәселе соғыстан кейін әлсіреп қалған экономикалық байланыстарды қалпына келтіру. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты қайта жандандыру, жаңа логистикалық және көліктік бағыттар қалыптастыру жолдарын талқылаған.
Кездесудің нақты нәтижесі ретінде Қазақстан-Украина үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық комиссиясының жұмысын қайта бастауға уағдаластық жасалыпты.
Қазақстан жағынан комиссияға премьер-министрдің орынбасары Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етсе, Украина тарапынан жаңадан тағайындалған вице-премьер Алексей Кулеба басқаратын болады.
«Комиссия екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыратын маңызды құрал. Оның жұмысын жақын арада қайта бастаймыз деген үміттеміз», – деді елші.
Ақорданы ерекше қызықтырған мәселенің бірі Украинаны қалпына келтіру жұмысына қазақстандық бизнестің қатысуы.
«Қазақстандық компаниялардың ұсынысын қарастыруға дайынбыз. Украинада тұрғын үй, әлеуметтік сала, энергетика мен инфрақұрылымда атқарылатын шаруа өте көп. Біз осы жұмыстарға қатысуға ниетті Қазақстан компанияларына есігімізді айқара ашамыз», – деп түйіндепті Виктор Майко.
Айта кетейік, кездесу барысында желіде тарап кеткен Зеленскийдің арандатушылық мәлімдемесі фейк болып шыққан. Украина елшісі мұндай жалған ақпараттың пайда болуының өзі кездесу маңыздылығын көрсетеді деп отыр.
Зеленскиймен ағылшынша тілдескен Тоқаев: Мәскеудің мазасын қашырған мезет