Оппозициялық журналист Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдікке іліккен Алтай Жақанбаевтың фотосы желіге тарады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Суретті «БӘСЕ» телеграм-каналы жариялады. Жақында Киевте Садықов пен оның жұбайы Наталья отырған автокөлікке белгісіз адам шабуыл жасап, журналисті жаралап кеткен болатын. Қазір Садықовтың денсаулығы ауыр күйде.
Айдос Садықов Украинадан ресми түрде босқын мәртебесін алған. Ал Қазақстан билігі оны былтыр қазан айынан бері «әлеуметтік және ұлттық алауыздық тудырды» деген айыппен іздеуде жүр.
Бапидің уәжі қандай?
Осы оқиғаға байланысты пікір білдірген депутат Ермұрат Бапи Қазақстанның бұл істен сырт қалмауын талап етті. Оның пікірінше, қандай жағдайда да Садықов – Қазақстан азаматы, сондықтан мемлекет бұл оқиғаға араласып, Украина тарапынан ресми ақпарат сұратуы тиіс.
«Саяси ұстанымына немесе кәсіби көзқарасына қарамастан, оның азаматтық құқығы қорғалуы керек. Қазақстан билігі бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмай, істің шынайы мән-жайын анықтауға атсалысқаны жөн. Егер үнсіздік сақталса, түрлі қауесет тарауы мүмкін», – деді ол.
Тоқаев не дейді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болса, Қазақстан бұл іске толық араласуға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, заң мен құқықтың үстемдігі мемлекет үшін басты басымдық болғандықтан, бұл оқиғаға да құқықтық тұрғыдан баға берілуі тиіс.
«Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа Киевте жасалған шабуылға біз дәл осындай заңдық тұрғыдан қараймыз. Мен дипломатиялық және құқық қорғау арналарымен тиісті ресми сұрауларды жолдауды тапсырдым. Қажет болған жағдайда, біздің мамандар істің ақ-қарасын анықтау үшін тергеуге қатысуға дайын», – деді Президент.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

