Киевте оппозициялық журналист Айдос Садықовқа қарулы шабуыл жасалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға журналист әйелі Наталья Садықовамен бірге автокөлікте отырған кезде болған. Белгісіз адам көлікке жақындап келіп, оқ атқан. Қазір Айдос ауыр халде ауруханада жатыр.
Әлеуметтік желіде шабуылдың артында Қазақстан билігі тұруы мүмкін деген болжам тарауда. Наталья Садықованың өзі де осы пікірді қуаттап отыр.
«Бараева» телеграм-арнасының хабарлауынша, оқиғадан бірнеше күн бұрын белгісіз адамдар ерлі-зайыптылардың бұғатталған аккаунттарындағы кейбір жеке сипаттағы материалдарды жариялауды өтінген.
Арнаның жазуынша, мұның артында жанжал тудыру мақсаты жатуы ықтимал. Сонымен қатар шабуыл болған күні Садықовтардың арнасында Тоқаев айналасындағы «Кремль агенттері» туралы видео шыққан.
Сарапшы не дейді?
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев қастандыққа Қазақстан билігінің қатысы бар деген болжамның қисынына күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, «Басе» арнасының ықпалы соншалықты күшті емес, сондықтан ел билігінің мұндай тәуекелге баруы қисынсыз.
«Шетел аумағында, әсіресе соғыс жүріп жатқан елде қастандық ұйымдастыру халықаралық нормаларды бұзумен бірдей. Қазақстан мұндай қадамға бара қоймайды. Украинада батыс барлау қызметтері белсенді жұмыс істейді. Мұндай жағдайдың орын алуы Қазақстан күш құрылымдары Украина аумағында еш кедергісіз әрекет ете алады дегенді білдіреді, бұл сенуге қиын нәрсе. Әзірге күмән басым, ресми тергеудің қорытындысын күткен жөн», – дейді Әбішев.
«Чемодан госсекретов» арнасының сарапшылары да бұл шабуылдың Қазақстанға тиімді еместігін алға тартады. Олардың ойынша, қазір «Басе» арнасының Қазақстандағы саяси ахуалға әсер ететіндей ықпалы қалмаған. Сарапшылар Айдос Садықовқа жасалған шабуылдың шынайы бенефициарлары Қазақстанды Ресеймен де, Батыспен де жанжалдастыруды көздеп отыр деп есептейді.
Айта кетерлігі, Айдос Садықов 2023 жылы Қазақстан тарапынан «әлеуметтік, ұлттық, рулық алауыздықты қоздырды» деген айыппен іздеуге жарияланған. Қазір ол Украинада ресми босқын мәртебесімен тұрып жатыр. Украина Бас прокуратурасы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу басталғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген саясаткер Әміржан Қосан «Садықовтың ісі саяси спекуляцияға айналмауы керек» деп мәлімдеген еді.

