Біраз күннен бері «Қазақмыстың» айналасында дау бітер емес. Shishkin_like арнасы «Қазақмыстың» табысы туралы жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Қазақмыс» тобы Қазақстандағы ең ірі жеке компаниялар арасында бірінші орында тұр. 2023 жылғы қаржылық есепке сәйкес, оның құрамына 30-дан астам компания кіреді, олар мыс және басқа да металдарды өндірудің толық циклін жүзеге асырады. Оған геологиялық барлау кешені, 14 кеніш, 4 байыту фабрикасы, 2 мыс балқыту зауыты, көмір разрезі және энергетикалық кешен жатады. Барлық кәсіпорында 30 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Негізгі активтер Жезқазған, Балқаш және Қарағанды өндірістік алаңдарында орналасқан.
«Компания Владимир Ким (70%) және Эдуард Огай (30%) секілді бизнесмендерінің бақылауында. 2024 жылдағы Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері рейтингінде олар 4 және 13-орындарды иеленді. Олардың дәулеті 4,6 млрд доллар және 800 млн доллар деп бағаланады», — деп жазылған арна дерегінде.
Арна мәліметінше, ереуілге шыққан шахтерлер «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінде («Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС еншілес компаниясы) жұмыс істейді. Биыл бұл кәсіпорын 50,6 млрд теңге салық төлеген (оның ішінде 20,8 млрд теңге – жалақы қорынан төленген салық). 2023 жылы салық аударымдары 44 млрд теңгені құрады.
«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС болса, «Kazakhmys Copper» АҚ құрылымына кіреді, оның акциялары Нидерландыда тіркелген KCC B.V. компаниясына тиесілі.
Жеке кәсіпорындардың қаржылық ағындарын бақылау қиын. kase.kz сайтында жарияланған мәлімет бойынша, 2024 жылдың 1 қазанына компанияның таза пайдасы 63,7 млрд теңгені құрады. 2023 жылы топтың таза пайдасы 109 млрд теңге болды.
«Мыс бағасының динамикасын талдай отырып, компанияның қазіргі жағдайы жақсарғанын көруге болады. 2022 жылы Қытайда коронавирус шектеулері енгізілуіне байланысты мысқа деген сұраныс төмендеген. Соның салдарынан мыс бағасы 10 мың доллар/тоннадан 8 500 доллар/тоннаға дейін құлдыраған еді»,- деп жазылған деректе.
2024 жылы мыс бағасы қайта өсті. Көктемде оның құны 14 айдағы ең жоғары деңгейге жетіп, мамыр айында 10,8 мың доллар/тоннаға дейін көтерілді. Қазір бағалар қайта өзгерді және тоннасы шамамен 9 мың долларды құрайды.