Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылау талаптары күшейтіледі.
Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк дайындаған жаңа ережеге сәйкес, жеке тұлғаның шотына үш ай қатарынан түсетін аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (2025 жылы бұл шамамен 1 млн теңге) асып кетсе, банк оның мәліметтерін бірден салық органдарына жолдайды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Сондай-ақ, үш ай қатарынан 100 және одан көп адамнан аударым алатын азаматтар да бақылауға ілігеді. Мысалы, тамызда 101, қыркүйекте 130, қазанда 100 адамнан аударым жасалса, банк ақпаратты дереу Мемлекеттік кірістер комитетіне жібереді.
Бақылау тек теңгемен ғана емес, шетелдік валютадағы аударымдарға да қатысты.
Егер жеке тұлға шотындағы аударымдар арқылы кәсіпкерлік белгілері анықталса, мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізеді.
Ондай жағдайда азаматқа хабарлама жіберіліп, ол 30 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Кәсіпкерлікпен айналысатыны расталса, ол салық есебіне тұрады, ал келіспесе, түсініктеме жазып, жағдайды дәлелдеуі керек.
Қайырымдылық мақсатта жиналған қаржы салықпен реттелмейді. Дегенмен, үш ай бойы 100-ден астам адамнан ақша түскен жағдайда, банктер мониторинг жасай алады.
Сондай жағдайда ұйымдастырушы қайырымдылық туралы келісімшартты немесе қаржы есебін көрсетуі қажет болады.
Жаңа талап қазір келісу кезеңінде тұр. Осы арқылы мобильді аударымдардан табыс тауып, салықтан жалтарып жүргендердің жолы кесілмек. Салық органдары бұл өзгерісті бизнестің жасырын табысын ашуға бағытталған қадам деп түсіндіреді.