Сот билікті асыра пайдаланғаны үшін бұрынғы ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаевқа үкім шығарды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдаланды деп айыпталған Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігі).
«Бұл іс «құпия» деген белгімен кінәні мойындау нысанында іс жүргізу келісімімен келіп түсті. Сондықтан оның қаралуы жабық сот отырысында өтті», — деп хабарлады сот.
Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте ҚК-нің 63-бабы негізінде жазаны пробациялық бақылауды белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп айқындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкініш білдірді.
Сот үкімімен Т. ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Т.-ға сыбайлас жемқорлық қылмыс белгілерінсіз айып тағылғандықтан, ҚК 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы шешілді. Бұл ретте сот сотталушының кінәсін мойындауын, оның шын жүректен өкінуін және алғаш рет қылмыс жасауын да ескерді.
ҚК 49-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот Қазақстан Республикасының Президентіне арнаулы атақтан және мемлекеттік наградалардан айыруға ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.