Қазақстан түрмесінде адам өлімі жиілеп, сотталушылардың құқы бұзылуда. Депутат Құспан Бас прокурорға осындай мазмұндағы сауал жолдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Абзал Құспан Шымкент, Тараз, Алматы және Өскемен қаласындағы нақты деректерді мысалға келтірген екен. Мәселен, биыл 19 тамызда Шымкенттің тергеу изоляторында ХҚКО-ның экс-басшысы ауыр дерттен көз жұмған. Сол айдың басында Тараздағы изоляторда 73 жастағы азамат апелляциялық шешімді күтіп жатып қайтыс болса, Алматыда бұрынғы судья, Өскеменде Түркиядан экстрадицияланған бұрынғы полиция қызметкері қаза тапқан.
Барлық жағдайда қорғаушылар медициналық анықтамаларды ұсынып, қамау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрағанымен, сот бас тартқан. Прокуратура мәселеге араласпаған.
Құспан ұсынған статистика да жағымсыз динамиканы көрсетеді: соңғы төрт жылда еліміздегі тергеу изоляторы мен түрмелерде 524 адам көз жұмған. Оның 410-ы ауыр сырқат салдарынан қаза болған.
Депутат сонымен қатар сот жүйесінің ауыр науқастарды мерзімінен бұрын босатудан жиі бас тартатынын атап өтті. Соңғы он жылда шартты түрде босату немесе денсаулық жағдайына байланысты босату 3 есе азайған. Себебі соттар өздері үшін ең қауіпсіз шешім бас тартуды таңдайды.
Абақтыдағы әйелдердің хәлі тіптен мүшкіл
Абзал Құспан әйел сотталушылардың қауіпсіздігіне де алаң білдірді. Бұрын күштік құрылымда, сотта немесе прокуратурада қызмет атқарған әйелдер жазасын бұрын өзі тергеген немесе ұстаған азаматтармен бірге өтейді. Мұндай жағдайда олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнетіні анық.
Депутат әйелдер түрмесінде арнайы қорғалатын блоктарды заңмен бекітуді ұсынды.
Сауалдың тағы бір маңызды тұсы изолятор мен колониялардағы медициналық қызмет сапасы. Депутаттың айтуынша, елімізде тұтқындарға операция кісенмен жасалады. Әйелдер тіпті босанған кезде арнайы күзетпен және қолы матаулы күйде жүруге мәжбүр.
«Әлемдік құқық тұрғысынан операция мен босану кезінде адамды кісендеп тастау азаптауға тең. Мұны ақтайтын бірде-бір заң жоқ», – дейді депутат.
Құспан Берік Асылов изолятор мен колонияларда болған әрбір өлім дерегіне заңды баға беруді, медициналық қызметтің шынайы жай-күйін тексеруді және сырқат адамдарды босатудан бас тарту себептеріне талдау жасауды талап етті. Сонымен қатар, операция мен босану кезінде тұтқындарға кісен тағуға заң жүзінде тыйым салу мәселесін көтерді.

