Павел Дуровтың Көлсай көлінде суға шомылуы ұлттық парк қызметкерлерін ыңғайсыз жағдайға қалдырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Digital Bridge 2025 форумына қатысу үшін Қазақстанға келген Telegram негізін қалаушы Павел Дуров цифрлық технологияны талқылаумен шектелмей, еліміздің туристік орындарын да тамашалап жүр.
Әлемжеліде жариялаған видеосында Дуров Алматы облысындағы әйгілі Көлсай көлінің мұздай суына түсіп жүрген сәтін көрсеткен болатын.
Миллиардер роликтің астына қысқа ғана: «Бұл бір есте қаларлық демалыс болды», – деп жазған еді.
Алайда ұлттық парк әкімшілігі үшін әлгі видео күтпеген проблемаға айналды. Көлсай көлінде шомылуға қатаң тыйым салынған. Осы талап туристік нысанның арнайы құжатында да егжей-тегжейлі жазылған.
«Осы жағдайға байланысты Көлсай көлдері ұлттық паркінің басшылығы қызметтік тексеру бастады. Тексеру нәтижесі бойынша жауапты мамандарға тиісті тәртіптік шара қолданылады», — делінген ұлттық парктің ресми хабарламасында.
Осылайша миллиардердің көлге шомылғаны үшін жауапкершілік өзіне емес, ұлттық парк қызметкерлеріне түсетін сыңайлы.
Сарапшылардың айтуынша, Көлсай көлдерінің суы тіпті жаздың өзінде +6–8 °С градустан аспайды. Сондықтан көлге түскен адамның денесі температурасы төмендеп, денсаулығына қауіп төнуі мүмкін.
Павел Дуров Қазақстанға қазан айының басында келіп, президент Тоқаевпен кездескен еді. Олар цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.
Telegram Қазақстанда өзінің ресми кеңсесін ашып, Astana Hub технопаркінің резиденті атанды және AIem.Ai орталығында жасанды интеллект зертханасын іске қосқан болатын.