Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаған делегация Қытайға ресми сапармен барып, бірқатар маңызды келіссөздер өткізді. Бұл кездесулер екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетудің жаңа белесіне айналды.
Қытайлық бизнес өкілдерімен өткен басқосуға Zhuhai Shixi Technology Co., Ltd, Wanjia Hotel Group Co., Ltd және AT Partner Company секілді ірі компаниялардың басшылары қатысты. Олар әсіресе жоғары технологиялар мен туризм салаларында Алматы облысымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынта білдірді.
Кездесу барысында ерекше назар аударылған жоба – Алматы облысының табиғаты көркем Көлсай аймағында аспалы жолдар салу жоспары.
Келіссөздердің нәтижесінде осы аймақтың инфрақұрылымын дамыту және экологиялық туризмді ілгерілету бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Қытайдың мұнай-газ саласында танымал Jinxiang Investment Group компаниясы Алматы облысына инвестиция тарту жөніндегі негізгі әріптес ретінде таңдалды. Компанияны директорлар кеңесінің төрағасы Хуан Сян Мяо таныстырды. Қазақстан тарапынан келіссөздерге «Слава Мұнай» ЖШС өкілдері қатысты.
Энергетика мәселесі де кездесудегі маңызды тақырыптардың біріне айналды. Бұл бағытта жасыл энергетика бойынша ынтымақтастық Ronghao Energy (басшысы Эрик Гао) және Zhongtai Group компанияларының өкілдерімен талқыланды.
Бұдан бөлек, тараптар зияткерлік технологиялар, автоматтандырылған жүйелер және өнеркәсіптік инновациялар бағытында өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Осы мақсатта Jiangsu Slenline Intelligent Systems, Leng Dengke, Gaosong және Helong Explosion секілді Қытайдың технологиялық компаниялары өз ұсыныстарын жеткізді.
Алматы облысының ауыл шаруашылығы өнімдеріне ерекше қызығушылық білдірген Three Squirrels Co., Ltd компаниясы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әлеуетті жобаларды қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл компания жаңғақ пен түрлі снектер өнімдерін сататын ірі дистрибьютор ретінде танымал. Компания атынан келіссөзге Пан Даовэй қатысты.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз кезегінде аймақтың шетелдік инвесторларға ашық екенін және оларға барынша қолайлы жағдай жасап, жобаларды жүзеге асырудың әр кезеңінде толыққанды қолдау көрсетілетінін жеткізді.