Үкімет «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекітті. Құжатқа Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жоба 2030 жылға дейінгі энергетикалық қауіпсіздік стратегиясын айқындайды. Негізгі мақсат — елдегі базалық қуат тапшылығын азайту. Өйткені индустрия, цифрлық экономика, дерек өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект дамыған сайын тұрақты электр энергиясына сұраныс күрт өсіп барады.
Ұлттық жоба аясында 7,8 ГВт қуат іске қосылып, жаңартылады. Екібастұз, Курчатов, Жезқазған, Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа энергия нысандары салынады. Сонымен қатар 11 қолданыстағы станция терең жаңғыртудан өтеді.
Жобаны жүзеге асыруға кемінде 7,5 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Қаржы негізінен бюджеттен тыс көздер есебінен келеді.
Құжатта экология мәселесіне де басымдық берілген. Жаңа нысандар заманауи технологиямен салынып, зиянды шығарындыларды азайтатын сүзгі мен газ тазарту жүйелері орнатылады. Үкімет мұның бәрі халықаралық экологиялық талаптарға сай болады деп отыр.
Жоба әлеуметтік бағытты да қамтиды. Салада жаңа жұмыс орындары ашылады, оның шамамен 4,5 мыңы тұрақты болмақ. Көмір электр станциялары қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген ипотека енгізу де жоспарланған.
2030 жылға қарай энергетикалық көмірге қосымша сұраныс жылына шамамен 20 миллион тоннаға жетеді. Соған байланысты вагон паркі кеңейтіліп, теміржол инфрақұрылымы жаңартылады.
Үкіметтің есебінше, ұлттық жоба Қазақстанның энергетикалық дербестігін күшейтіп, отандық машина жасау саласына да серпін береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







