ШҚО-да көпір құлағаннан кейін жолаушылар көлігі басқармасының басшысы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобил жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитов лауазымынан кетті. Ол бұл қызметті небәрі жарты жыл атқарған болатын.
Orda-ның мәліметінше аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен жүргізілген тексеріс нәтижесінде Уахитовтың заңсыз әрекетке қатысы бары анықталған.
«ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұрынғы басшы Данияр Уахитов қызметінен босатылды», – деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жақыпова.
Дегенмен әкімдік әзірге Уахитовтың нақты қандай заң бұзушылық жасағанын және оның орнына кім тағайындалғанын жариялаған жоқ. Қызметтен босаған экс-шендінің әрекетіне құқық қорғау органдары өз бағасын бермек.
Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысындағы Шнайдер көпірі 1 қыркүйекте құлап қалған еді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Бұған дейін көпірді жөндеуге бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Көпірдің құлауына байланысты Қылмыстық кодекстің «Сапасыз құрылыс» бабы бойынша іс қозғалды. Мамандар көпір конструкциясын тексере келе, оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес деген қорытынды шығарды. Оның орнына жақын маңнан жаңа көпір салынады.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Әбеновтің айыппұлы: Қазақстанда сатушыларды «тәртіпке салатын» заң қабылданбақ

