Ақмола облысының Жер ресурсы департаменті Бурабай ұлттық паркінде орналасқан жер телімін Болат Назарбаевпен байланысы бар компаниядан мемлекетке қайтаруды көздеп отыр.
Бұл туралы Ertenmedia хабарлайды.
Облыстық департамент «КИК-Астана» ЖШС-мен жасалған келісімшартты заңсыз деп тану үшін сотқа талап арыз берген.
Іске Болат Назарбаевтан бөлек, Нұрбол, Ханболат, Хантөре Назарбаевтар, Альбина Назарбаева және Бурабай ауданының Жер қатынастары бөлімі тартылған.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бұл іс Ақмола облысы прокуратурасының ұсынысы негізінде қолға алынған.
«Қазір прокуратура ұсынысымен заңсыз берілген жерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр. Соның аясында департамент «КИК-Астана» ЖШС иеленген жер теліміне қатысты сотқа арыз түсірген. Алайда сот қосымша материал қажет деп, арызды кері қайтарды. Қазір құжатты толықтырып, қайта арыз беруге дайындық жүріп жатыр», – дейді министрлік өкілі.
«КИК-Астана» серіктестігінің қазіргі құрылтайшысы Global Apartments Ltd жеке компаниясы. Иелері Ерболат Жақсылықов пен Эдгар Салдузи есімді азаматтар.
Алайда әуелде компания «Үш Қоңыр Б.Н.» ЖШС деп аталған. Сол кезде оның құрылтайшысы ретінде Болат Назарбаевтың өзі тіркелген болатын.
Компания басшылығында Назарбаевпен байланысы бар адамдардың болғаны да мәлім.
Бурабайдағы жер телімдерінің заңсыз жекеменшікке өтіп кеткені туралы бұған дейін де бірнеше мәрте мәселе көтерілген.