Түркістан облысы халықаралық әріптестік пен инвестиция тарту ісінде жаңа қадамдарға барып отыр. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров бір күнде екі маңызды келіссөз өткізіп, алдымен АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркинмен ресми жүздесіп, артынан Қытайдан келген ірі өнеркәсіптік компания өкілдерімен кездесті. Бұл екі кездесу Түркістанның тек Қазақстан аумағында ғана емес, халықаралық деңгейде де ықпалды аймаққа айналып келе жатқанын айқын көрсетіп тұр, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әуелі америкалық дипломатпен болған сұхбатта туризм, білім беру, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері көтерілді. Әкім Түркістанның инвестициялық әлеуетін кеңінен таныстырып, «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен онда жасалған салықтық жеңілдіктер жайлы жан-жақты айтты. Консул өз кезегінде Түркістанның тарихи-мәдени қазынасына, туризмнің дамуына жоғары баға беріп, америкалық компаниялардың аймақта жұмыс істеуге қызығушылығын білдірді. Бұл – Түркістанды әлемге танытатын қадамдардың бірі. Әлем елдері үшін Түркістан енді ежелгі тарихымен ғана емес, заманауи дамуымен де қызықты бола бастады.
Ал Қытай өкілдерімен болған келіссөз мүлде басқа бағытқа арналды. Енді Түркістанда лифт пен эскалатор шығаратын жаңа зауыт салынбақ. Бір қарағанда бұл да қарапайым бастама сияқты, бірақ іс жүзінде өңірдің құрылыс қарқынын ескерсек, мұндай өндірістің пайдасы орасан болмақ. Жыл сайын 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып жатқан Түркістан үшін лифт пен эскалатор өндірісі – нағыз стратегиялық шешім. Қытайлық инвесторлар зауыттың құрылысын бастап, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуды, мамандарды оқытуды және өнімді Орталық Азия елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

Екі кездесу де бір нәрсені дәлелдеп берді: Түркістан облысы халықаралық инвестиция үшін сенімді әріптеске айналып келеді. Қытайдың өндірістік әлеуеті мен АҚШ-тың технологиялық, білім беру тәжірибесі тоғысса, бұл өңірдің болашағы тіпті өзгеше болмақ. Әкімнің сөзімен айтқанда, Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы ынтымақ пен өркендеудің мекені. Бүгінде ол тарихты сақтай отырып, жаңа дәуірдің орталығына айналуда.
Аймақтың ураны мен алтын кендері, ауыл шаруашылығындағы жетістіктері, ет экспорты бойынша көшбасшылығы да инвесторлар үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бірақ ең бастысы – Түркістан халқының белсенділігі мен еңбекқорлығы. Жаңа зауыттар, жаңа жобалар, жаңа серіктестіктер – бәрі де халыққа жұмыс беріп, өңірдің әлеуетін еселей түспек.
Осылайша, АҚШ пен Қытай сынды алпауыт елдердің өкілдерімен жасалған келісімдер Түркістанның халықаралық аренадағы беделін көтеріп қана қоймай, экономикасын әртараптандыруға да серпін береді. Ең бастысы, бұл қадамдар қарапайым халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Түркістанды болашақтың индустриялық және мәдени орталығына айналдыру – тек әкімнің ғана емес, тұтас мемлекеттің мүддесі.