Ақмола облысының Қорғалжын ауданында өңір тұрғындары мен Астана қаласынан, сондай-ақ еліміздің өзге де аймақтарынан келген қонақтардың басын қосқан екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі өтуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шара өлке мәдениетін дәріптеуге, табиғи байлықты танытуға және әлемдегі ең әсем құстардың бірі саналатын қызғылт қоқиқаздарды көруге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Мәдениет пен өнер тоғысқан салтанатты жиын
Мерекелік бағдарлама Қорғалжын ауылының орталық алаңында ашылды. Мәдени шараның шымылдығын Атбасар ауданынан арнайы келген «Молодость» халық ансамблі түрді. Өнерпаздар құстардың нәзіктігі мен еркіндігін би тілімен шебер бейнелеген «Фламинго» хореографиялық қойылымын ұсынды. Мерекелік сазды бағдарламаны жергілікті «Нұрлы саз» квартетінің әуезді өнері әрі қарай жалғастырды.
Жиын барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев сөз сөйлеп, фестивальдің өңірдің экологиялық және мәдени әлеуетін арттырудағы маңызын айрықша атап өтті.
«Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы әлемдегі қызғылт қоқиқаздардың ең солтүстік ұялайтын мекені ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұра тізіміне енген бірегей экожүйе. Осындай табиғи байлыққа ие болу біз үшін үлкен мақтаныш. Оны сақтап, келер ұрпаққа аманат ету әрқайсымыздың парызымыз», — деді Досұлан Айтбаев.
Табиғи мұраны көздің қарашығындай сақтау идеясын Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыман да қолдап, тағылымды ой айтты. Оның айтуынша, бұл шара өлке тарихы мен ұрпақтар байланысын бекемдеудің таптырмас тетігі болып табылады.
«Бүгінгі салтанатты іс-шара өңіріміздің табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасын дәріптеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығы мен халық бірлігін нығайтатын игі бастама», — деп түсіндірді Ермек Нұғыман.
Ақсақал жыл сайын мыңдаған қызғылт қоқиқаздың Қорғалжын өңіріне қайта оралуы халықаралық ғалымдар мен саяхатшылардың қызығушылығын арттырып отырғанын, сондықтан табиғат байлығын тек туристік нысан ретінде ғана емес, ортақ аманат деп қабылдау керектігін ескертті.
Шеберлер жәрмеңкесі және табиғат төріне саяхат
Фестиваль аясында орталық алаңда Flamingo Art шығармашылық көрмесі қанат жайды. Мұнда облыстың әр ауданынан жиналған қылқалам шеберлері ұлан-ғайыр дала мен айнадай жарқыраған көлдерді бейнелеген туындыларын таныстырды.

Сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесінде ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары көпшілікке ұсынылды.
Бағдарламаның басты ерекшелігі қонақтарды қорықтың тылсым табиғатымен тікелей таныстыруға арналған экскурсиялар. Көпшілікті осы өңірге жетелеген қызғылт қоқиқаздар мекендейтін көлдерге арнайы сапарлар ұйымдастырылды. Тәжірибелі гидтер мен мамандар қорық ерекшеліктерін түсіндіріп, ерекше қорғалатын табиғи аймақта өзін-өзі ұстау ережелері бойынша мағлұмат берді.
Мерекелік кеш күні бойы фольклорлық ұжымдардың өнерімен және «Ұлы дала әуені» халық музыкасы фестивалімен жалғасуда.
Айта кетейік, былтыр алғаш рет Бытығай тарихи кешені аумағында бастау алған мәдени шара биыл ауыл орталығына көшіріліп, қатысушылар мен аудан тұрғындары үшін барынша қолжетімді бола түсті. Ендігі кезекте экологиялық ағартушылық пен туризмді тоғыстырған бұл бастама өңірдің дәстүрлі брендіне айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







