Қазақстанда жеке тұлғалар үшін 2025 жылғы көлік салығын төлеудің соңғы күні 2026 жылдың 1 сәуірі. Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды міндеттемелерін уақтылы орындауға шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көлік салығы салық заңнамасына сәйкес жеке тұлғаның өзі белгілеген мөлшерлеме бойынша есептеледі. Есептеу кезінде 2025 жылы белгіленген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3932 теңге қолданылады. Салықтың нақты мөлшерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми порталындағы (portal.kgd.gov.kz) арнайы калькулятор арқылы есептеп алуға болады.
Жыл сайын мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғалардың көлік салығын өздері қосымша есептеп, оның нәтижесін екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы азаматтарға Push-хабарлама түрінде жолдайды.
Азаматтар салықты уақытында төлемеген жағдайда, 2026 жылдың 2 сәуірінен бастап әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл қосылады. Ал 10 мамырдан кейін салық органы берешекті өндіріп алу шараларына кіріседі.
Егер қарыз сомасы 1 АЕК-тен асса, борышкерге салық бұйрығы жолданады. Қарыз бұйрықты алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде төленбесе, іс жеке сот орындаушысына беріледі.
Жеке сот орындаушысы борышкердің банк шоттары мен мүлкіне тыйым салуға құқылы. Сонымен қатар қарызы 40 АЕК-тен асқан азаматтардың шетелге шығуына уақытша шектеу қойылады.
Осындай жағымсыз жағдайларды болдырмау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті көлік салығын уақытылы төлеуге кеңес береді. Салыққа қатысты барлық ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми порталындағы «Жеке тұлғаларға арналған алдағы төлемдер» бөлімінен немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларынан табуға болады.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар Мемлекеттік кірістер комитетінің байланыс орталығына хабарласа алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







