Депутат Ирина Смирнова Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға колледждерді «лигаға» бөлу туралы ұсынысты қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қарастырылған. Алайда депутаттың пікірінше, колледждерді деңгейіне қарай «лигаларға» бөлудің соңы білім теңсіздігін күшейтіп, әлеуметтік жікке бөліну қаупін туғызуы мүмкін.
«Мұндай шешім ең алдымен студенттің құқығын шектеп, колледждерді «үздік» және «әлеуметтік» деп таңбалауға әкеледі. Соның кесірінен төменгі лига түлектерінің дипломына деген сенім азайып, олардың сапалы жұмысқа орналасуына кедергі жасалады», – дейді депутат.
Бұдан бөлек, «үздік» колледждердің пайда болуы өңірлердегі кадр тапшылығын ушықтырып жібермек. Мықты мамандар, білікті ұстаздар жоғары лигаға жаппай ауысып, салалық колледждер жабылып, жастардың аймақтан кетуі артуы мүмкін.
Депутатты 4-ші лигаға жатқызылуы мүмкін 90 колледждің тағдыры алаңдатып отыр. Бұлардың басым бөлігі облыстарда, шағын қалалар мен ауыл-аймақтарда орналасқан. Әлгіндей жағдайда олар мемлекеттік қолдаудан қағылып, студенттері грантсыз қалмақ. Мұның соңы колледждердің жабылуына әкеледі.
«Мұндай жағдайда 4-ші лигадағы колледждердің 9 мың қызметкері қайда барады деген сұрақтың басы ашық», — дейді Смирнова. Депутат қаржыландыруды рейтингке байлап қою жемқорлыққа жол ашарына сенімді.
«Мұндай шешім білім сапасын емес, көрсеткіштерді қолдан көтеруге және бюджетті белгілі бір колледждерге ғана бағыттауға жол ашады», – дейді ол.
Осыған байланысты депутат министрден коллідждерді лигаға бөлуден туындайтын тәуекелдерді мұқият пысықтауды сұрап отыр. Сонымен қатар колледждерді сенімді басқаруға беруді қарастырып, жұмыс берушілердің маман даярлауға белсене қатысуын ынталандыруды ұсынылуда. Көптеген кәсіпорын колледждердің жұмысына көңілі толмай, өз оқу орталықтарын ашуға мәжбүр.
«Реформаны ұстаздар қауымының пікірін ескеріп, мұқият пысықтауды сұраймыз», – дейді депутат.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Зеленскийден жеткен зілдей сәлем: Қазақ мұнайын тұсаған Киевтің кегі

