Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі соңғы екі жылда өзгеше тыныс ала бастады. Бұрын колледж көбіне «жол жоқтардың таңдауы» саналса, қазір керісінше, өндіріс пен жаңа индустрияға жол ашатын негізгі баспалдаққа айналып келеді. 2025–2026 оқу жылында колледждерге қабылдау 189 мың адамға жетті, соның 145 мыңы мемлекеттік тапсырыс арқылы оқиды. Яғни жастар сұранысы да өсіп отыр, мемлекет те бұл саланы экономикаға керек негізгі құралдың бірі ретінде қарастырып отыр.
Тоғызыншы сыныптан кейінгі түлектер үшін техникалық және өндірістік мамандықтарға тегін оқу мүмкіндігі толық ашылды. Машина жасау, энергетика, металлургия, IT сияқты бағыттарға мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы бөлінген.
Еңбек нарығындағы сұраныс көбіне осы салаларда екенін ескерсек, шешім қисынды. Колледжге барған балаға «ертең жұмыс таба ала ма» деген күдік азайып келеді. Өйткені бағдарлама да, практика орны да, жұмыс берушімен байланыс та бір жүйеге түсіп жатыр.
Қаржыландыру жағы да біртіндеп нығайып келеді. 2026 жылға қарай бір студентке бөлінетін қаржы 437 мың теңгеден 913 мың теңгеге дейін өседі деп жоспарланған.
Бұл цифр құр статистика емес, шын мәнінде жабдықты жаңартуға, шеберханаларды жөндеуге, жаңа станоктар мен компьютерлік сыныптар алуға мүмкіндік береді. Қағазда оқытатын емес, цехтағы шынайы процесті көрсететін білім беру жүйесіне қадам осы жерден басталады.
Студенттерге төленетін стипендия да соңғы екі жылда айтарлықтай көтерілді. Орта буын мамандығында оқитындарға 41 896 теңге, жұмысшы біліктілігін алатындарға 43 574 теңге беріледі. Жұмысшы мамандығы бойынша оқитындарға ыстық тамақ қарастырылған.
Әлеуметтік жағынан алғанда, бұл колледждерді ауыл баласы үшін де, қаладағы қарапайым отбасы үшін де қолжетімді етеді. Ата-ана да, бала да «жарты күн жұмыс істеп, жарты күн оқу» арасында таңдау жасамай, оқуын аяқтауға мүмкіндік алады.
Колледждер мен бизнес арасындағы байланыс қағаз жүзіндегі меморандумнан нақты серіктестікке ауысып жатыр. Төрт мыңнан астам кәсіпорын 622 колледжге шефтік жасап отыр. Жұмыс берушілердің нақты өтінімі бойынша биыл 13 мың адамға кепілді жұмысқа орналасу шартымен қабылдау жүрді.
Дуальді оқыту жүйесіне 108 мың студент қатысып жатыр, жыл соңына дейін оны 135 мыңға жеткізу жоспары бар. Бұл мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитындардың шамамен үштен бір бөлігі шынайы өндіріс цехында тәжірибе жинайды деген сөз.
Оқу бағдарламалары да салалық талапқа жақындап келеді. Қазір шамамен тоғыз мыңға жуық білім беру бағдарламасы жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіби стандарттар, мемлекеттік білім стандарттары және WorldSkills талаптары негізінде әзірленген.
Euroskills Herning 2025 жарысында қазақстандық команданың бес құзырет бойынша жеті медальон иеленуі осы жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Яғни біздің түлектер тек ішкі нарыққа емес, халықаралық деңгейдегі бәсекеге де біртіндеп бейімделіп жатыр.
Материалдық база жаңармай, оқу сапасын арттыру мүмкін еместігі түсінікті. Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында 74 колледждің жабдығы жаңартылды, жыл соңына дейін тағы 39 оқу орны толықтырылмақ. Бұл ретте әңгіме тек парта мен тақта туралы емес, нақты өндірістік желіге жақын технологиялық сыныптар жөнінде болып отыр.
Халықаралық әріптестікке басымдық беру де колледждер жүйесін жаңа деңгейге шығарады. Германия, Қытай, Түркия, Италия, Ұлыбритания, Сингапур және басқа елдердің оқу орындарымен елуге жуық келісім жасалған.
Мұндай байланыстар студенттер үшін академиялық ұтқырлыққа, колледждер үшін халықаралық аккредитацияға жол ашады. Яғни жастар шетелдік тәжірибені тек кітаптан емес, тікелей сол елдің мамандарынан үйрене алады.
Жас мамандарды ұстап қалу үшін әлеуметтік қолдау да күшейіп келеді. «Наурыз жумыскер» ипотекалық бағдарламасы колледж түлектері мен ТжКБ саласында еңбек ететін жастарға 7–9 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен баспана алуға мүмкіндік береді. 2025 жылдың күзіне қарай 2361 өтінім мақұлданып, 1918 несие берілген, жалпы сомасы 46,5 млрд теңгені құрайды. Өндірісте жүрген жас маман үшін өз үйінің болуы оның өңірде тұрақтап, кәсібін әрі қарай жалғастыруына тікелей әсер етеді.
Қысқасы, ТжКБ жүйесіндегі өзгерістер тек жекелеген жеңілдіктер немесе науқандық шаралар емес. Оқулықтан бастап, шеберханаға, кәсіпорынмен келісімнен бастап, баспанаға дейін бір тізбек құруға тырысқан тұтас экожүйе қалыптасып келеді. Егер осы бағыт сақталса, колледждер жақын жылдары жаңа индустриялық экономиканың негізгі кадрлық тірегіне айнала алады. Ең бастысы – жастар үшін жұмысшы мамандығы нақты табыс пен тұрақтылық беретін таңдау екенін іс жүзінде көрсету.

