Мемлекеттік кірістер комитеті коллектор агенттіктері табысын жасырып, қосылған құн салығынан жалтарған схеманы анықтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алғашқы тексерістің өзінде салықшылар жеті компанияның кірісті 11,8 млрд теңгеге кем көрсеткенін тапқан.
Схема қалай жүрген
Комитет мәліметінше, коллекторлар банктен қарызды номинал құнынан арзанға сатып алған. Кейін борышкерден толық соманы өндіріп отырған. Негізгі табыс осы арадағы айырмадан түскен.
Алайда агенттіктер мұны табыс ретінде емес, «қарызды қайтару» ретінде рәсімдеп келген. Ал мұндай операцияға ҚҚС салынбайды. Салық органы дәл осы тәсіл арқылы салықтан жалтару жүргенін айтып отыр.
Қанша сома анықталды
Тексерілген жеті компания бойынша 128 млн теңге көлемінде төленбеген ҚҚС шыққан. Оған қоса, коллектор агенттіктері ҚҚС бойынша есепке тұрмағаны үшін тағы 1,6 млрд теңге айыппұл есептелген.
Яғни әңгіме жай техникалық қате жайында емес, салық жүктемесін әдейі айналып өтетін жүйе туралы болып отыр.
Тексеріс мұнымен бітпейді
Қазір Мемкірістер осыған ұқсас тәсіл қолданған тағы 15 компанияны тексеріп жатыр. Алдын ала дерекке қарағанда, олар 61,6 млрд теңге кірісті төмендетіп көрсетуі мүмкін. Төленбеген ҚҚС көлемі шамамен 7,4 млрд теңгеге жетуі ықтимал.
Комитет мұны жекелеген жағдай емес, кең тараған практика деп бағалап отыр. Сол себепті алдағы тексерістер де операцияның қағаздағы атауына емес, нақты мазмұнына сүйеніп жүргізілмек.
Айта кетелік, биылдан бастап коллектордың қысым көрсету, қорқыту, заңсыз ықпал ету секілді әрекетіне тосқауыл қойылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







