Қазақстанда коллекторлық компанияларға қойылатын талап едәуір қатаңдады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі саладағы жұмыс тәртібін қайта қарап, борышкермен жұмыс істеу ережесін күшейтті. Ендігі өзгеріс коллекторға еркіндік емес, жауапкершілік жүгін арттыра түспек.
Реттеуші ең әуелі коллектордың қысым көрсету, қорқыту, заңсыз ықпал ету секілді әрекетіне тосқауыл қоюға кірісті. Мұндай қадам үшін енді қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар коллекторлық агенттік қызметкерлері жеке өз әрекеті үшін дербес жауап береді. Яғни жауапкершілік енді тек компания атауының тасасына жасырынбайды.
Заң бұзғаны үшін салынатын айыппұл да ұлғайтылған. Бұған қоса коллекторларға өзімен байланысы бар нотариуспен және жекеше сот орындаушыларымен жұмыс істеуге тыйым салынды. Реттеуші осылайша борыш өндіру тізбегіндегі күмәнді байланыс пен ықтимал астыртын ықпалдың жолын кесуді көздеп отыр.
Тағы бір маңызды өзгеріс…
Егер қарыз алушы берешекті реттеу жөнінде өтініш берсе, коллектор өндіріп алу процесін тоқтата тұруға міндетті. Демек, борышкерге енді мәселені реттеуге мүмкіндік берілмек, ал коллектор сол аралықта қысымды жалғастыра алмайды.
Агенттік коллектор жұмысы мүлде тоқтатылатын жағдайлардың тізімін де кеңейтті. Мысалы, қарыз алушы қайтыс болса немесе банкрот деп танылса, коллекторлық әрекет жалғаса бермейді.
Қоғам үшін ең сезімтал шешімнің бірі азаматтардың қарызын коллекторларға сатуға қойылған тыйымның ұзартылуы. Енді ол шектеу 2027 жылғы 1 мамырға дейін күшінде қалады. Реттеуші мұны банктердің проблемалы қарызбен өздері жұмыс істеу тиімділігін сақтау және мерзімі өткен берешек қоржынының шамадан тыс ұлғаюына жол бермеу қажетімен түсіндіріп отыр.
Тізілімнен шығарылған коллекторлық компанияларға қатысты да жаңа норма енгізілді. Енді олар нарықтан шеттетілсе де, борышкермен жұмыс істегенде заң талабын сақтауға міндетті. Яғни тізілімнен шығып кету бақылаудан құтылудың айласына айналмайды.
Салада өзін-өзі реттейтін ұйымдар институты да пайда болмақ
Мұндай бірлестіктер жұмыс стандартын әзірлеп, этиканың сақталуын қадағалайды, ал талап бұзған қатысушыға санкция қолданып, тіпті қатардан шығара алады. Осы тетік бәсеке күшейген ортада қызмет сапасын көтеріп, азамат құқығын қорғауды нығайтуға бағытталған.
Соған қарамастан, агенттік негізгі бақылауды өз қолында қалдырады. Әсіресе өктем әрекетімен танылған ойыншылар мен жаңа өзін-өзі реттейтін құрылымдар жіті назарда болады.
Қысқасы, коллекторлық нарықтағы ескі өктем мінезге енді кең өріс қалмайын деп тұр. Жаңа ереже борыш өндіріп алуды бұрынғыдай қатаң қысым алаңынан заңмен шегенделген, жауапкершілігі ауыр салаға қарай бұра бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







