Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы сот ісінде жәбірленуші тараптың адвокаттары арасындағы дау жалғасып жатыр деп жазады Ertenmedia.
Істен шығып қалған адвокат Бағдат Амандосұлы бұған дейін «істі біреу жеке атақ-дақпырты үшін пайдаланып жүр, мен сол үшін шеттетілдім» деп мәлімдеген. Адвокаттар тобының жетекшісі Мейірман Шекеев әріптесінің сынына дереу жауап берді.
Мейірман Шекеевтің айтуынша, әріптесі Бағдат Амандосұлы сот процесіне немқұрайлы қараған.
«Сот процесі жүріп жатқанда, ол концерт аралап, өз шаруасымен жүрді. Өзіне жүктелген тапсырмаларды орындамады. Жауапкершілік жүгін түсінбеді. Істің мүддесіне қайшы әрекет жасады. Оған бірнеше рет ескерту жасадым. Бұған нақты дәлелдер бар. Амандосұлын топқа өзім шақырған едім, енді өкініп отырмын», – деді Шекеев.
Шекеев сонымен бірге Бағдат Амандосұлының адвокаттар құрамына кіру кезінде өзі қол қойған келісімшартты бұзғанын айтты.
«Бұл келісімшарт бойынша Бағдат мырза сот талқылауы толық аяқталмайынша, қылмыстық іс бойынша ақпарат құралдарында, әлемжеліде немесе кез келген басқа да қоғамдық алаңда пікір, сұхбат, түсініктеме беруге құқылы емес деп өзі белгілеп жазған. Бұл норманы да бұзды. Біздің байқауымызша, жәбірленуші тарап маған көп видео жіберді. Екі қызға қатысты мәлімдеме жасап, солардың мүддесін қорғағандай әрекет жасады. Бұл Шерзат ісінің мүддесіне қайшы», — деді Мейірман Шекеев.
Ал марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов тек Мейірман Шекеевке ғана сенетінін айтып отыр.
«Мен Мейірман мырзаға ғана өтініш айттым, істі сол кісіге аманат еттім. Бағдат Амандосұлымен ешқандай келісімшарт болған емес. Кім қатысады, қалай іс жүреді Мейірманның өзі шешеді», – деді ол.
Бұған дейін адвокат Бағдат Амандосұлы сот ісінен «түсініксіз себептермен» шығып қалғанын мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, бұл істе жеке абыройы мен атағын ғана ойлайтындар бар.
«Сот процесінде тек өзім сөйлеймін, тек мен сұхбат беремін деген талап маған орынсыз көрінді. Біз жалдамалы жұмысшы емеспіз. Мен біреудің көлеңкесінде қалғым келмейді. Себебі бұл істегі қан хайп құралы емес», – деген болатын адвокат Амандосұлы.
Адвокаттар арасындағы дау әлі де жалғасуда.