Жаңа Конституцияның мәтіні баяғыда дайындалып қойған. Танымал заңгер, елдің қазіргі Ата заңын жазуға атсалысқан Майдан Сүлейменов осындай мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Соңғы кезде маған «Конституция талқыланып жатыр, неге үндемей отырсыз?» деген сұрақ жиі қойылады. Ашық айтайын, мен мәнсіз жұмыстан әбден шаршадым. Иә, қазіргі Конституция авторларының бірі менмін.
Оны талқылау кезінде Конституциялық сотты сақтау және Парламент өкілеттігін шектемеу үшін жанымды салдым. Бірақ ешқайсысы қабылданбады. Соған қарамастан, мен сол Конституциядан ұялмаймын.
Франция Конституциясының озық үлгілерін алдық, француздар осы Конституциямен-ақ демократиясын сақтап отыр. Мен Назарбаевтың жеке билігі мен отбасының ықпалын күшейтуге бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын», – деді академик.
Экс-елбасының тұсындағы ұятты өзгерістер
Ғалымның айтуынша, Назарбаев билікте отырған кезде-ақ Конституциядағы ұятты өзгерістерге қарсы шығып, көлемді мақала жариялаған. Тіпті бір палаталы парламент құруды ұсынған. Тоқаев тұсындағы кейбір өзгерістерге де қарсы шыққанымен, бірде-бір ұсынысы ескерілмеген.
«Жаңа Конституцияның мәтіні баяғыда дайындалып қойылған, ешкім оны өзгертейін деп отырған жоқ. Конституциялық комиссия фарс. Жүзден астам адам жинап, жалпақ жұртқа көрсету үшін комиссия құрғанымен, шын мәнінде заң мәтіндерін шағын ғана топ әзірлейді. Конституцияның бұған дейінгі мәтінін 12 адамнан тұратын Шайкенов командасы жазып шыққан еді. Аз ғана маман әзірлеген жобаны комиссия мүшелері жаппай қолдай салды. Қазір де солай болады», – деп ашынды ол.
Сүлейменовтың пайымынша, жаңа Конституция жобасының негізгі кемшілігі еркін сайлау жүйесін жою.
Конституция ұран емес…
«Конституция ұран емес, заң. Ол болашаққа шақырмайды, қол жеткізгенді бекітеді. Сондықтан преамбуладағы ұрандар мен насихаттың керегі жоқ. Жобаның ең үлкен қатесі демократиядан бас тартуы. Сайлауды тек партиялық тізім бойынша өткізіп, оппозициялық партияны тіркеуге мүмкіндік бермеу демократияның тамырына балта шабу.
Қазақстандағы ең мықты Конституция 1993 жылы қабылданды. Одан кейінгі қабылданғандардың барлығы нашарлап барады.
Біздің бірде-бір ұсынысымыз қабылданбайды, ал мен бос әурешілікпен айналысқым келмейді. Сондықтан үнсіз отырған едім, осы жазбамнан кейін де енді жақ ашпаймын», – деді Майдан Сүлейменов.
Ал Бақытжан Базарбек, Қазыбек Иса, Ермұрат Бапи бастаған «ауыр артиллерия» басқаша ойлайды. Депутат Бапидің пікірінше көпшілік өзгерістің ауқымын толық бағалай алмай отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

