Қазақстан Конституциясындағы орыс тілінің мәртебесінің өзгеруі елдегі орыстілді тұрғындардың көшіп кетуіне ықпал етуі мүмкін. Ресей Мемлекеттік думасының ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Виктор Водолацкий осындай пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазақстан Конституциясына енгізіліп жатқан өзгеріс мемлекеттің ішкі шаруасы. Әр халық өзінің негізгі заңындағы баптардың қалай жазылатынын өзі шешеді. Орыс тіліне қатысты тұжырым да сол халықтың дауыс беріп таңдаған еркі», – деді депутат «Лента.ру» порталына берген пікірінде.
Дегенмен…
Водолацкийдің айтуынша, мұндай өзгеріс Қазақстандағы азаматтардың күнделікті тұрмысына ықпал етпей қоймайды. Әсіресе, қағаз-құжатты орысша рәсімдеуге үйренген егде жастағы тұрғындар үшін қиындық туындауы мүмкін.
«Енді кез келген шенеунік хабарландыру мен түбіртекті тек қазақ тілінде ғана рәсімдеймін деуі ғажап емес. Бұл шешімнің екіұшты тұсы бар. Бір жағынан, орыс тілі Қазақстанның мемлекеттік құрылымында бұрынғыдай екінші тіл болып қала береді. Ал екінші жағынан, Конституцияның жаңа мәтініне сүйенген кейбір жас шенеуніктер тарихи байланыстардың тереңдігін ескерместен, орыс тілін қолданбауды жөн көруі ықтимал», – деп түсіндірді Водолацкий.
Оның пікірінше, мұндай жағдай Қазақстандағы орыстілді азаматтарға қолайсыздық туғызатыны анық. Соның салдарынан елдегі орыс ұлты өкілдерінің көшіп кетуі де күшейе түсуі мүмкін екенін атап өтті депутат.
Контекст
9 ақпанда Қазақстанның жаңа Конституция жобасында орыс тіліне қатысты баптың мәтіні өзгерді. Бұған дейін Ата заңның 9-бап 2 тармағында мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен «тең» дәрежеде қолданылады делінген еді. Қазір аталған баптағы «тең» сөзі «қатар» сөзіне ауыстырылған.
Депутат Ринат Зайытов осыған қатысты пікір білдіріп, қазақ тілінің шын мәнінде төрге шыққанын мәлімдеген.
«Енді жаңа нұсқадағы мәтінде орыс тілі тең емес, қатар қолданылады. Түсінген адамға аз жеңіс емес. Шүкір», — деген еді мәжілісмен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

