Түркістан облысы биыл өндірістің салмағын нақты сандармен көрсетті. Халықаралық талапқа жауап беретін заманауи зауыттар іске қосылып, өнеркәсіп көлемі 1,3 трлн теңгеге жетті. Әкім Нұрлыхан Көшеровтың айтуынша, жыл басынан бері 107 млрд теңгеге 22 жоба жүзеге асып, 2443 адамға жаңа жұмыс орны ашылғанын Орталық коммуникация қызметіндегі брифингінде айтты.
Созақтағы табиғи уран өңдеу кешені, Отырардағы қуатты мақта зауыттары, Түлкібаста ашылған RC Cola сусынын өндіретін жаңа желі — бәрі өңірдің нақты өндірістік әлеуетін көрсетеді. Сайрамдағы ет комбинаты мен Ордабасыдағы алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт та толық қуатпен жұмыс істей бастаған.
Жыл соңына дейін 103,5 млрд теңгелік тағы 8 жоба қосылады. Мұндай қарқынның артында аймақтың жаңа бағытқа бет бұруы жатыр. Президент тапсырмасымен Орталық Азия елдерімен экономикалық байланыс тереңдеп келеді. Өзбекстанмен бірлесіп салынған 100 гектарлық «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» — соның дәлелі.

Кедендік бекет, қойма, өндіріс ошағы бір жүйеде жұмыс істейтін логистикалық хабқа айналмақ. Қазірдің өзінде 7 инвестор қызығушылық танытып отыр. Жүзеге асатын жобалар 185 млрд теңге инвестиция әкеліп, 1175 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бюджетке 355 млн теңге қосымша салық түсетіні де айтылды.
Индустриалды аймақтар мен шағын өндірістік парктердің жұмысы жанданып, арнайы экономикалық аймақтардың белсенділігі арта түсті. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі 10 айда 1,3 трлн теңгеге жетіп, өсім 113,4 пайыз болып тіркелді. Түркістан өңірі нақты жобалармен, анық көрсеткіштермен алға жылжып келе жатқанын байқауға болады.

