Көпқабатты үйде темекі тартып, түкірініп, қолындағы қоқысты қалаған жеріне тастай салатын тұрғындар бұдай былай қатаң жазаланады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәселен, кіреберісте бірер сағатқа қалдырған қоқыс пәкетінің өзі қоғамдық орынды ластағаны үшін әкімшілік кодекстің 434-2-бабымен жазаланып, 43 250–86 500 теңге (10–20 АЕК) көлемінде айыппұл салуға не 40–80 сағат қоғамдық жұмыс істеуге мәжбүрлейді.
Кіреберісте шылым шегу де заңсыз. Сигарет, кальян, вейп және IQOS сияқты құрылғыларды пайдаланған адам 64 875–86 500 теңге (15–20 АЕК)
ал терезеден тұқыл тастаған тұрғындар 43 250–86 500 теңге (10–20 АЕК) айыппұл арқалайды. Қоғамдық жұмысқа жіберілуі де мүмкін.
Ал ішімдік ішіп, подъезде сауық құрғандарға 21 625–43 250 теңге (5–10 АЕК) көлемінде айыппұл салынып, 5 тәулікке дейін қамалуы немесе 20 сағат қоғамдық жұмыс істеуі де ғажап емес.
Қабырғаға сурет салып, кіреберісті бүлдіргендерге де заң аяушылық танытпайды. Мұндай әрекет вандализм ретінде бағаланып, 216 250 теңге (50 АЕК) айыппұл не 30 тәулікке дейін қамауға апаруы мүмкін.
Құрылыс жүргізіп жатқан қауымға маңызды ескерту
Құрылыс қалдықтарын кіреберісте қалдыру да тазалық ережесін бұзғанмен тең. Гипсокартон, цемент немесе ескі сантехниканы есік алдына жинап қойғандарға 86 500–129 750 теңге (20–30 АЕК) айыппұл белгіленген.
Подъезде велосипед, шкаф, балалар арбасын қалдыру да қауіпті әрекет саналып, өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін 21 625–43 250 теңге (5–10 АЕК) айыппұл салынады.
Үй жануарын кіреберісте ұстауға немесе оларды тәртіпсіз серуендетуге рұқсат жоқ. Мұның соңы санитарлық талапты бұзғаны үшін 43 250–86 500 теңге (10–20 АЕК) айыппұлмен аяқталады.
Түнгі мезгілде тыныштықты бұзудың жазасы да жеңіл емес. Жұмыс күндері кешкі 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін, демалыс күндері 23:00-ден таңғы 10:00-ға дейін шулаған жеке тұлға 21 625 теңге (5 АЕК), шағын бизнес 86 500 теңге (20 АЕК), орта бизнес – 129 750 теңге (30 АЕК), ірі бизнес 432 500 теңге (100 АЕК) төлеуге міндеттеледі.
Көршілерге дөрекі мінез көрсетіп, дөрекі сөйлегендерге де әкімшілік жаза қолданылады. Мұндай әрекет ұсақ бұзақылық ретінде бағаланып, 86 500 теңге (20 АЕК) көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға әкеледі.
Көпқабатты үй ауласында әдепсіз әрекетке барғандарға, яғни қоғамдық орында дәрет сындырғандарға 86 500 теңге айыппұл салынады немесе 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеледі.
Көлікке қатысты маңызды талап
Көлікті көгалға, ағаштың түбіне немесе подъезд алдына қою да тәртіп бұзушылық. Бұл үшін 21 625–129 750 теңге (5–30 АЕК) айыппұл қарастырылған.
Ауланы жеке көлік жуатын орынға айналдырғандарға 86 500–129 750 теңге (20–30 АЕК), қозғалтқышты ұзақ қыздырғандарға алғашқы ретте 21 625 теңге (5 АЕК), екінші ретте 43 250 теңге (10 АЕК) көлемінде айыппұл белгіленген.
Құстар мен қаңғыбас жануарларды тамақтандыру кезінде айналаны ластағандарға да 43 250 теңге (10 АЕК), ал бұл әрекет қайталанса 86 500 теңге (20 АЕК) айыппұл салынуы мүмкін.
Жалған ақпарат таратып, жедел қызметтерді негізсіз шақырғандарға жаза тіпті ауыр. Бірінші рет 259 500 теңге (60 АЕК), қайталанса 519 000 теңге (120 АЕК). Төтенше жағдай кезінде жасалған бұзушылық үшін де 519 000 теңге көлемінде айыппұл мен қоғамдық жұмыс қарастырылған. Ал мұндай әрекетке барған жасөспірімнің (14–16 жас аралығы) ата-анасы 129 750 теңге (30 АЕК) айыппұл төлейді.
Қысқасы, көпқабатты үйдің тыныштығы мен тазалығы тұрғындардың өз жауапкершілігінде. Заңға салғырт қарағандар айыппұлмен немесе қамаумен жазалануы мүмкін. Өз үйіңізді жайлы әрі тыныш мекенге айналдыру тек өзіңізге байланысты екенін ұмытпаңыз.
Айта кетелік, бұған дейін Мемлекет басшысы Салық кодексіне қоғамның пікірін ескере отырып, қажетті өзгеріс енгізуді тапсырған.
«Салық кодексі Құран сөзі емес. Оған өзгеріс енгізуге әбден болады. Халықтың сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек», – деген еді Президент. Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

