Қазақстандық банктер азаматтардың 2026 жылғы алғашқы тоқсанда жасаған мобильді ақша аударымдары туралы деректі 15 сәуірге дейін Мемлекеттік кірістер комитетіне тапсырады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қоғамда бірден мазасыздық туды: енді туған күнге жинаған ақша, әріптестер арасындағы есеп айырысу, тіпті тойға шашылған «шашу» үшін де салықшылар тергей ме?
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жұрттың көңіліндегі күдікті сейілтті. Оның айтуынша, салық органдарын бірреттік жеке аударымдар емес, жүйелі түрде кәсіпкерлік белгілері бар транзакциялар қызықтырады.
«Ұлттық банкпен ережелерді бекіттік. Банктер бірінші тоқсанның деректерін 15 сәуірге дейін береді. Алайда банк жалпы аударымдарды емес, тек кәсіпкерлікке нақты сай келетін «қызыл жалаушалы» аударымдарды іріктеп ұсынады. Сол деректердің негізінде камералдық бақылау жүріп, тиісті азаматтарға хабарлама жібереміз. Олар салық есебін тапсырса немесе қажетті түсініктеме берсе, мәселе сол жерде жабылады», – деді Біржанов.
Көпшілікті алаңдатқан қарапайым тұрмыстық төлемдер де кәсіпкерлік белгіге жатпайтынын вице-министр қадап айтты.
«Әріптестермен бірге түскі ас ішіп, ақшасын біреу төлеп, қалғандары оған қайта аударып жатса, кәсіпкерлікке жатпайды. Критерийлер өте көп, оның барлығы бір мезгілде іске қосылуы керек. Ұжымда бір адам көпшіліктен туған күнге немесе мерекеге ақша жинап жүрсе, ешкімді мазаламаймыз. Қарапайым қазақстандықтардың ешқайсысына салықтан қауіп жоқ», – деді вице-министр.
Біржановтың айтуынша….
Ең сезімтал мәселе жеке кәсіпкерлердің (ИП) жеке аударымдары. Тойдағы шашу немесе жаназаға берілген көмек ақшасы кәсіпкердің табысы ретінде қаралмайды.
«Біз әр азаматтың барлық шотын көре аламыз. Бірақ жеке кәсіпкердің бизнес операциялары мен жеке шығындары нақты бөлінеді. Егер кәсіпкердің QR-кодпен немесе терминал арқылы клиенттен төлем қабылдайтын бизнес-шоты болса, мәселе жоқ. Ал егер ол жеке картасына туған күнге немесе тойға туыстарынан қаржы алса, оны кәсіпкерлік ретінде қарамаймыз», – деді ол.
Салық органы әр адамның жалпы аударымдарына емес, тек жүйелі бизнеске тән белгілерге қарап отыр. Кәсіпкерлерге төлемдерді бизнес-шот арқылы ғана қабылдап, жеке және кәсіпкерлік қаражатты нақты бөлу ұсынылады. Сонда ғана қосымша түсініктеме беруден құтылып, уақыты мен жүйкесін сақтай алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







