Қазақстан мен Ұлыбритания сирек кездесетін металдар мен стратегиялық минералдарды игеру бойынша ауқымды әріптестік орнатады. Лондонда өткен бизнес өкілдерімен кездесуде осы саладағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі айқындалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дөңгелек үстел форматындағы жиынға сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев қатысып, Қазақстандағы тұрақты инвестициялық климатты ерекше атап өтті.
«Астана сіздердің инвестицияларыңыз ұзақ мерзімді әрі сенімді табыс әкелуіне толық мүдделі. Бұған біздің саяси тұрақтылығымыз, қолайлы іскерлік климатымыз бен экономиканың жаңа бағыттарын ашуға бағытталған үздіксіз күш-жігеріміз кепіл», – деді министр.
Британ тарапының атынан кездесуге бизнес және сауда министрінің міндетін атқарушы, Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Крис Брайант, британ-қазақ қоғамдастығының басшысы Руперт Гудман, сондай-ақ Maritime House, WeirGroup, Perry Engineering, Car Park Transformer, British Petroleum, Standard Chartered Bank, UK Export Finance, London Stock Exchange Group, Gleeds, BetterEarth, Eutelsat OneWeb компанияларының және Coventry University мен Cardiff University өкілдері қатысты.
Крис Брайант британдық бизнес Қазақстанмен жасыл экономика, сирек металдар өндірісі, көлік-логистика, білім беру мен IT салаларында әріптестікті арттыруға дайын екенін жеткізді.
«Жаңа жобалар инвестиция тартумен қатар, тұрақты экономикалық байланысты нығайтып, сирек минералдарды халықаралық нарықтарға шығарудағы сенімді логистикалық тізбектерді қалыптастырады», – деді Брайант.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания арасында 2027 жылға дейінгі сирек минералдар бойынша стратегиялық әріптестіктің Жол картасы қабылданды. Сондай-ақ Coventry University мен Coventry University Kazakhstan арасында Алматыда лицензиялық кампус ашу туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, Алматыда әйгілі британдық Charterhouse мектебінің филиалы ашылып, Cardiff University жасанды интеллект орталығы іске қосылады. Сондай-ақ Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің жаңа кампусы өз жұмысын бастайтын болады.
Айта кетелік, күні кеше Уашиңтонға барып қайтқан президент Тоқаев та алыс құрлықтан қоржыны тоқ оралған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







