Қазақстанда тұтынушылық кредит берудің талаптары қатаңдайды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа талабы бойынша, 2025 жылдың 24 қарашасынан бастап қарыз жүктемесін төмендетуге бағытталған бірқатар шектеулер күшіне енеді.
Өзгерістердің ең бастысы соңғы бір жыл ішінде қарызын 90 күннен артық кешіктірген азаматтардың борыш жүктемесі коэффициенті (КДН) 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетіледі.
Мұндай шараның мақсаты қарызды қайтару қабілеті төмен азаматтардың қайтадан шамадан тыс кредит алып, дефолтқа ұшырау қаупін азайту.
Сондай-ақ мынадай жағдайлар болған кезде азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредит алуға тыйым салынады:
– банктегі несиесі бойынша төлем 30 күннен, микроқаржы ұйымдарынан алған қарызы бойынша 1 күннен асатын кешіктірілген берешегі болса;
– соңғы үш жылда (2025 жылдың 1 шілдесінен бастап) негізгі қарызы немесе сыйақысы толығымен кешірілген қарызы бар болса;
– соңғы 12 ай ішінде қайта құрылымдаудан өткен, бірақ соның өзінде міндеттемесін уақытылы орындай алмаған азаматтарға жаңа несие берілмейді.
Агенттіктің пайымдауынша, жаңа талаптар халықтың қарыз жүктемесін жеңілдетіп, несие нарығындағы тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ertenmedia тілшісіне пікір білдірген агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда жаңа кредиттік рақымшылық болмайтынын айтқан еді.
«2019 жылғы кредиттік амнистиядан кейін қарызы кешірілген азаматтардың бір бөлігі қайтадан несие алып, тағы да төлем мерзімін өткізіп алды. Яғни халық арасында «5–6 жыл сайын несие кешіріледі, қарызды қайтармаса да болады» деген қате түсінік қалыптасқан. Осыдан азаматтар өз міндетіне салғырт қарайды, ал бюджетке ауыртпалық түсе береді», – деді агенттік басшысы.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қарызға батқан қоғам: Әбілқасымованың амнистияға қарсы аргументі

