Мұхтар Жәкішевпен тізе қосып жұмыс істеген «Қазатомпромның» бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаевтың айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу — бұл экономикалық тұрғыдан күмәнді жоба ғана емес, сонымен қатар, саяси қаупі басым авантюра, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Тұрсынбаевтың пікірінше, Қазақстанда қазірдің өзінде электр энергиясының профициті бар, АЭС салуға қарсы ең басты аргумент — осы.
«АЭС салу туралы әңгімелер шын мәнінде ешқандай негізі жоқ, бос ұран ғана. Қазақстанның болашағы мұндай мега-жобаларда емес, саяси жүйені түбегейлі өзгертуге, бизнес, билік және қоғам арасындағы жаңа, еркін қарым-қатынастарды дамытуға байланысты.
Бағасы удай қымбат АЭС-тың орнына Қазақстан күн батареялары мен жел генераторлары сияқты баламалы энергия көздерін дамытуға назар аударуы керек. Бұл технологиялар оңай орнатылады, автономды және халықтың тығыздығы төмен елдерге өте қолайлы. Қазақстанның болашағы мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығында, үлкен зауыттар мен ғарыштық станциялар құрастырамыз деп тыраштануды қажеті жоқ», — дейді сарапшы.
Тұрсынбаев атомдық цикл шеңберінде жұмыс орындарын құру туралы мифті жоққа шығарды. Оның айтуынша, атом энергетикасының барлық технологиялық циклі Ресейде шоғырланған, ал қазақстандықтарды уәде етілген жұмыс орындарына жолатпайды.
Бұдан бөлек, Қазақстан бұл циклдегі негізгі позицияларын жоғалтып алған. Уран кен орындарынан бастап, отын таблеткаларын өндіруге дейінгі процесс қазір Ресей бақылауында.
Тұрсынбаевтың пікірінше, 10-15 миллиард долларлық АЭС жобасының аясында тек ресейлік мамандар үшін жұмыс орындары құрылады. Ал қазақстандық мамандар құралақан қалады. Бұл экономикалық тұрғыдан да, бизнес тұрғысынан да тиімсіз.
Тұрсынбаев бұл жобада тек экономикалық емес, сонымен қатар саяси контекст маңызды екенін айтады. Оның пікірінше, Кремль АЭС салуды Қазақстандағы өз ықпалын күшейту мүмкіндігі ретінде қарастырады, қауіпті өндірісті орнатып, оны өз мамандары және «чекистерімен» (ФСБ агенттері) толтырады. Объектіні қорғау желеуімен олар әсіресе Алматының маңында оппозициялық көзқарастағы азаматтарға қауіп төндіріп, әскери база құра алады. Саяси элитаны манипуляциялау, шпионаж, елдегі ресейшіл топтарды қолдау, саботаж, диверсия қалыпты дүниеге айналады.
Рүстем Тұрсынбаевтың пікірінше, АЭС Қазақстанға қажет емес. Бұл жоба елдің бүгіні мен ертеңіне қауіп төндіреді және оны жүзеге асыру Қазақстанды Кремльдің басыбайлы вассалына айналдырады, мұндай саяси қателікке жол беруге болмайды.
«Бұл жобадан бас тартып, қауіпті сыртқы ықпалдарсыз болашақты өз күшімізбен құру – жалғыз дұрыс шешім» дейді маман.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазатомпромның» бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев Жәкішевтің тағдырына біраз «ойыншының» әсері болғанын, бірінші кезекте Ресейдің мүддесі айтарлықтай рөл ойнағанын мәлімдеген еді. Тұрсынбаевтың пікірінше, екінші фактор — қазақ олигархтары, атап айтқанда Владимир Ни тобы. Уранның бағасы көтерілген соң олар «Қазатомөнеркәсіпке» қызығушылық танытқан, бұған YouTube-та тараған дауыстар дәлел екен. Ал бұл тұста Жәкішев олардың қызығушылығына елең етпеген. «Қазатомөнеркәсіпке» Назарбаевтың отбасы да қызыққан.
«Құлыбаев Мұхтар Жәкішев қамауға алынғанға дейін осы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы болғанын еске алыңыз. Мені де уран өнеркәсібіне арналған ПВХ құбыр зауытын нақты құнының 25 пайызына сатуға мәжбүр етті. Сатып алушы — президенттің отбасы мүшелері», — деген еді Рүстем Тұрсынбаев.
«Қазатомпромның» бұрынғы вице-президентінің пікірінше, Жәкішевтің тағдырына әсер еткен тағы бір «ойыншы» — ҰҚК.
«Барлығын үркітіп, мүлікті сатуға және оларға қолма-қол ақша беруге мәжбүр етті. 2009 жылдың мамырына дейін және бір жылдан кейін «Қазатомпроммен» жұмыс істеген компаниялардың құрылтайшылар құрамына қарап көріңіз, қатты өзгерді», — деген болатын ол.