Қазақстандағы азық-түліктің күрт қымбаттауын қосымша құн салығының өсуімен байланыстыру мәселенің бетін ғана қалқу. Премьердің орынбасары Серік Жұманғарин пікірінше, баға шарықтауының астарында бірнеше күрделі себеп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жұманғариннің атап өткеніндей, ел ішіндегі азық-түлік нарығына ықпал ететін басты фактор импортқа тәуелділік. Қазақстанның әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 70–90 пайыз болғанымен, әлі де сырттан тасымалданатын тауарлар көп.
«Халық тек әлеуметтік маңызды өнімдерді тұтынбайды. Олар таңдаған тауарлардың көбі импорт. Қазір әлемде баға жаппай көтеріліп жатыр. Мысалы, ет пен сүттің әлемдік бағасы күрт қымбаттады. Соның әсерінен қазақстандық фермерлер өнімін сыртқа сатуға қызығып отыр. Өйткені экспорттан түсетін пайда әлдеқайда көбірек», – дейді вице-премьер.
Оның айтуынша, мемлекет тауар экспортына тыйым салып немесе бағаны күштеп ұстап тұра алмайды. Бүйтер болса, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің тауы шағылып, мемлекеттік агро бағдарламаларға қауіп төнуі мүмкін.
Тағы да Кремль?
Бағаның өсуіне ықпал ететін тағы бір маңызды себеп импорт инфляциясы. Қазақстанға келетін азық-түліктің айтарлықтай бөлігі Ресейден импортталады. Мысалы, қаңтар айының өзінде Ресейде азық-түлік инфляциясы шамамен 2 пайыз болса, Қазақстанда 0,8 пайызды құрады.
Демек, басты сауда серіктесінің нарығындағы қымбатшылық бізге де тікелей әсер етіп отыр.
Жағдайдың түйіні отандық өнімнің сыртқа ағылуы және сырттан келетін қымбат тауарларға тәуелділік.
«Мемлекет бағаны басқаруда тепе-теңдік сақтай отырып, ішкі нарық пен кәсіпкерлер мүддесін қатар қорғауға мәжбүр», — дейді Жұманғарин.
Айта кетелік, бұған дейін еліміздегі бензин бағасы қымбаттауы жөнінен Еуразиялық одақта көш бастаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







